Айыппұлдардың жалпы сомасы 19 млн теңгеден асады
Қаланың санитарлық жағдайын жақсарту және түрлі қоқыс үйінділерінің пайда болуын болдырмау мақсатында полиция департаменті бірыңғай анықтамалық қызметпен бірлесіп, абаттандыру ережелерін бұзу фактілерін анықтау бойынша жұмыс жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жеті ай ішінде 1 721 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 134 құрылыс компаниясы мен 89 қызмет көрсететін ұйым бар. Айыппұлдардың жалпы сомасы 19 млн теңгеден асады.
«Бұдан басқа белгіленбеген жерлерге қоқысты тастап кететін адамдарды анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері 240 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 6 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Сондай-ақ 33 жүргізуші топырақ, қоқыс, сусымалы құрылыс және басқа да материалдарды жабынсыз тасымалдағаны үшін жауапқа тартылды», – деді полицияда. Рейдтік іс-шаралар барысында тәртіп сақшылары қала аумағына құрылыс қоқыстарын тастаған 39 жастағы КамАЗ жүргізушісін анықтады. Ер адамға 30 АЕК (103 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Айта кетейік, Астанада жүк көліктеріне арналған коммуналдық тұрақ ашылды. Бүгінгі таңда онда әртүрлі құқық бұзушылықтары бар 12 жүк көлігі қойылған.