Қазақстанда АИ-95 жанармайының 12 күнге жететін қоры бар
АИ-92 бензинінің бағасы 205 теңгеден аспауы керек, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«АИ-92 автобензинінің шекті бағасы мемлекеттік реттеуге байланысты литрі 205 теңгеден аспауы тиіс. АИ-95 бағасын мемлекет реттемейді, сондықтан жанармай құю станциясының «пистолетінен» шығатын баға нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты өзгеруі мүмкін», деп мәлімдеді энергетика министрлігі.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, демалыс кезеңі және сұраныстың артуына байланысты жанармай құю станцияларының ірі желілеріне (QazaqOil, Helios, Sinooil, Газпромнефть, Gasenergy) АИ-95 бензині импортталуы мүмкін.
Қазір Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр және АИ-92, АИ-95, өтінім болған кезде АИ-98 бензинін өндіреді.
Қазақстанда АИ-95 жанармайының 12 күнге жететін қоры бар. Ал АИ-92 бензинінің қоры - 257,1 мың тонна, бұл 18 күнге жететін қор.
Министрліктің хабарлауынша, жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталып, Павлодар мұнай өңдеу зауыты іске қосылған кезде бензин жеткізу көлемі біртіндеп ұлғаяды.