Оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды
Кәсіпкерді заңсыз тексерген Шығыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Өскемен қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
Қалалық прокуратура ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жеке кәсіпкерлік субъектісін заңсыз тексеру фактісін анықтады.
«Қала тұрғындары «ADK River» сауда орталығындағы желдеткіштің жұмысына шағымданған. Тексеру нәтижелері бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тәуліктің күндізгі және түнгі уақытында желдеткіш дыбысының тиісті деңгейден асу фактілерін анықтап, ҚР ӘҚБтК 425-бабы 1-бөлігімен«АлмаСтор» ЖШС қатысты әкімшілік іс қозғады. Алайда, мамандандырылған әкімшілік соттың шешімімен жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметін тексеру заңсыз деп танылып, кейіннен тексеруді тағайындау туралы актінің күші жойылды», - деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.
Нақты айтқанда, аталған серіктестік мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектісі емес, сондықтан оның қызметіне араласуға негіз болмаған.
«Сауда орталығының иесі - «ДальПродукт» ЖШС, ал «АлмаСтор» ЖШС нысанның бір бөлігін жалға алған, яғни кәсіпкер тексеру субъектісіне жатпайды. Осындай заң бұзушылыққа жол бергені үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары ҚР ӘҚБтК 175-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», - делінген ақпаратта.