Елде құрғақшылықтан зардап шеккен диқандар несиені өтеу мерзімін ұзарта алады

Автор: Azattyq Rýhy

Биылдан бастап мал азығын жинауға жеңілдетілген бағамен дизель отынының қосымша көлемі бөлінеді

Фото ашық дереккөзден

Елде құрғақшылықтан зардап шеккен диқандар несиені өтеу мерзімін ұзарта алады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте өткен жедел кеңесте айтылды, деп хабарлайды
Azattyq Rýhy.

Жиында кей өңірлердегі аптап ыстық пен жауын-шашынның аздығына байланысты орнаған ахуалдың ауқымы мен қабылданатын шаралар талқыланды. «Бәйтерек» холдингі, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ құрғақшылықтан зардап шеккен шаруаларға несие төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастырады.

Сондай-ақ биылдан бастап алғаш рет мал азығын жинауға жеңілдетілген бағамен дизель отынының қосымша көлемі бөлінетін болды. Ал өңірлерге биылғы жылы жем-шөп құнын субсидиялауға 11,7 млрд теңге бөлінді. Дегенмен, Қазақстанның басым бөлігінде  климаттың қолайсыздығына қарамастан фермерлер сақтандыру құралын аз пайдаланған.