Балалар ауруханаларының бюджеті басқа ауруханалармен салыстырғанда әлдеқайда аз – Аймағамбетов

Автор: Azattyq Rýhy

Ол емдеу үшін бюджеттен бөлінетін тариф мөлшерінің төмендігі туралы айтты

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов балалар ауруханаларының бджетіне қатысты пікір айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Балалар ауруханаларының бюджеттен алатын қаражаты басқа ауруханалармен салыстырғанда әлдеқайда аз, бұл өз кезегінде сапалы емдеу шараларын атқару үшін айтарлықтай қиындық тудырып жатыр. Қарағанды облыстық балалар ауруханасына барғанда осы жүйелі проблемаларды дәрігерлердің өздері айтып отыр. Басты мәселелердің қатарында балаларды емдеу үшін бюджеттен бөлінетін тариф мөлшерінің төмендігі (маңызды бағыттар бойынша) және аурухана ғимараттарының коммуналдық шығындарын төлеуге қатысты аспектілер», - деді ол.

Нақты айтатын болсақ, бұл жерде тариф дегеніміз мемлекеттік бюджеттен жан басына шаққанда, яғни әр емделген бала үшін ауруханаға бөлінетін ақша. Ал бөлінетін ақша қандай болса, сапа да сондай болады.

«Ұрпақ саулығы мен балалар денсаулығына келгенде, үнемдеуге болмайды. Әсіресе КЗГсі айтарлықтай төмен бағыттар бойынша қайта қарау керек деп айтып отыр (пульмонология, нефрология, гастроэнтерология, аллергология, неврология, гематология, эндокринология). Бөлінетін қаржы (тариф) қайта зерделеніп, ұлғайтылуы тиіс деп санаймын. Бұл мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен бірге жұмыс істейміз. Ал коммуналдық шығындар мәселесін шешу үшін облыстық әкімдік дұрыс әрі тиімді шешім қабылдап, енді іске асырып жатыр.Біздің негізгі ұсынысымыз - коммуналдық шығындарды бюджеттен төленетін жан басына қаржыландыру тарифінен бөлек шығарып, жеке қаржыландыру», - деді ол.

Аймағамбетов атағандай, әр өңірде коммуналдық тариф әртүрлі және осыған байланысты ауруханалар үшін қолданыстағы қаржыландыру жүйесі тиімсіз.

«Бұл мәселе бойынша тиісті жұмыс атқарылады», - деді ол.