Әйелдердің жалақысы осы саладағы ерлерден 36%-ға аз
«TechnoWomen» КЕҰ президенті Азиза Шөжееваның айтуынша, IT саласы әйелдер үшін табысты әрі ыңғайлы кәсіп. Әсіресе, гендерлік теңсіздікті шешуде IT саласының маңызы зор екенін айтады. Бірақ әлі де ерлермен жалақы айырмашылығында алшақтық бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«2022 жылы осы саладағы әйелдердің орташа айлық жалақысы 409 мың теңгені құрады. Бұл IT саладағы ер азаматтардың жалақысынан 36%-ға аз. 2019 жылы бұл алшақтық 28% деңгейінде болды. Бұған басшылық қызметте әйелдердің саны аздығы әсер етіп отыр. Басшылық қызметтегі әйелдер ерлерге қарағанда 66%-ға аз»,- деді ол.
Оның айтуынша, әйелдердің отбасындағы рөлі мен жауапкершілігі әйелдердің осы саладағы үлес-салмағының аз болуына ықпал етіп отыр. Ол, тіпті, әлемдегі ірі IT-компанияларда әйелдерге қарағанда ерлерге басымдық беретінін айтты.
«Дүниежүзінде ең ірі және ең ықпалды технологиялық компаниялардың техниктері арасындағы әйелдердің пайызы өте төмен, Apple-де 23%, Google-да 20% және Microsoft-та 17,5%, жоғары лауазымдарға өтініштердің тек бір пайызы әйелдерден келеді деп есептеледі. Әйелдер әлемдегі АКТ мамандарының жалпы санының 18,5 пайызын құрайды»,- деді ол.
Ол әйелдерге қоғамдағы экономикалық және әлеуметтік әлеуетін жоғалтпау үшін, еңбек нарығында сұранысқа ие болу үшін цифрлық дағдыларды дамыту қажет екенін тілге тиек етті.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда АКТ секторындағы әйелдер санын көбейту үрдісі жүріп жатыр. Қазақстанда әйелдер АКТ секторы қызметкерлерінің 43 пайызын құрайды. Бүгінгі таңда Қазақстанда мамандардың 31%-ы – әйелдер, олардың көпшілігі – жас мамандар»,- деді ол.
Маманның дерегіне сәйкес, цифрлық гендерлік теңсіздікке ұшырайтындар көбіне егде жастағы әйелдер.
«55-74 жас аралығындағы адамдар арасында интернетті пайдаланудағы гендерлік алшақтық дамушы және өтпелі экономикасы бар елдерде шамамен сегіз пайызды құрайды. Гендерлік стереотиптер мен мәдени нормалар көбінесе әйелдер мен қыздардың цифрлық технологияларға қолжетімділігіне кедергі келтіреді және олардың АКТ-мен байланысты секторларда білім алу және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін төмендетеді», - деді ол.
Бақытжан Баймахан