«Біз жеңіске сенеміз»: 2024 жылы елімізде Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді

Автор: Azattyq Rýhy

Сарапшылардың пікірінше, ат спортында демеуші пайда болғалы шабандоздардың ынтасы артты

2024 жыл Қазақстанның жаңа тарихындағы тағы бір айтулы кезеңмен белгіленеді. Елімізде тұңғыш рет Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтпек. Отандық спортшылар «бәйге» жарысында үздік көрінуі мүмкін деген болжам бар. Көптеген жаттықтырушы қазірдің өзінде алдағы додаларға тыңғылықты дайындалып жатыр. Қазақстандықтар ұлттық құраманың қарқынына сенеді және шабандоздардың жеңісінен үмітті.

Ержан Ақтасов – кәсіби әрі спорттағы тағдыры ерекше жаттықтырушылардың бірі. 48 жасына дейін ол бірнеше чемпион мен жүлделі орындарға ие болған шабандоздарды тәрбиеледі. Ержан Ақтасов жас кезінде өз өмірін кәсіби ат жарысымен байланыстырамын деп мүлдем ойламаған. Ауыл шаруашылығы университетін тәмамдағаннан кейін Ержан жергілікті ат спорты зауыттарының бірінде қарапайым ветеринар болып жұмыс істей бастады. Бірақ бірнеше жыл бойына жылқылармен жұмыс істегеннен кейін, ат пен шабандоздарды жеңіске дайындайтын кәсіби маманға айналады. Ержан қазақстандық бәйгедегі жағдайдың бір жыл ішінде қалай өзгергені туралы қуанышпен әрі мақтанышпен айтты.

«Бізде бәйге жарысы жақсы дамып келеді. Себебі көптеген жылдан бері бұл бағытта тұрақты демеуші алғаш рет пайда болып отыр. Екі жақпен ұзақ мерзімді келісімге қол қойылды. Бұл дегеніміз жергілікті чемпионат тұрақты түрде өткізіліп жатыр, қатысушылар саны да артуда, барлығының айналысатын өз ісі бар. Мұндай тұрақтылық оң нәтижесін беретіні сөзсіз.  Бұған дейін жігіттеріміздің жеңіске деген мұндай құштарлығын көрмеген едім», - дейді ол.

Ержанның айтуынша, көптеген жаттықтырушылар ат спорты саласындағы ауыр кезеңді бастан өткізді. Нақтырақ айтқанда, жарыстарда заңды тотализаторлардың жұмысына тыйым салынды. Сол уақытта көрермендер ат жарысына жасырын түрде бәс тіккенімен, джокейлер мен жаттықтырушылар өз еңбектері үшін ақы ала алмады.

«Тотализаторларды алып тастаған кезең өте қиын болды. Біз де, шабандоздар да ақшасыз отырдық. Шыдай алмағандар, басқа табыс іздеп, спортты тастады. Өзгелері Ресейге немесе олар қаржыландыратын басқа жерге жұмысқа кетті. Сондықтан жақсы демеуші – бұл біздің ат спорты үшін үлкен жетістік. Сондықтан қазір ресми букмекерлерге тыйым салу керек екенін естігенде немесе оқығанда «біздің жағдайымызға қалай әсер етеді екен» деген қорқыныш бойымды билейді.  Себебі қазір барлығы тұрақты түрде дами бастады», - дейді Ержан Ақтасов.

Ержанның сөзінше, Қазақстанда бірнеше жыл бұрын бәйге жекелеген өңірлерде танымал болғанымен, қазіргідей үлкен қызығушылық пен дүрбелең тудырмаған. Алайда, 2022 жылдан бастап республикалық біріншілік өткен кезде ірі букмекерлік кеңселердің бірінде тұрақты демеуші табылды. Ержан атап өткендей, енді дәстүрлі ат жарысы мыңдаған жаңа көрермен мен жүздеген жаңа спортшыны  тартады.

«Бұрын бәйге негізінен Алматы, Алматы облысында және Таразда танымал болған. Бірақ қазір трибуналар аймаққа қарамастан толып отырады. Ақтөбе, Павлодар, Шымкент болсын, чемпионат қай жерде өткізілсе де, барлық жерде қызығушылық бар. Жарыспен айналысқысы келетін балалардың саны кем дегенде 2 есеге өсті», - дейді жаттықтырушы.

Жаттықтырушының сөзіне сенсек, тұрақты демеушілік қолдау спортшылар мен жаттықтырушылардың жаңа буынын қалыптастыруға ықпал етеді. Ат жарысына қатысқысы келетін балалардың басым бөлігі ауылды жерлерде тұрады. Бірақ олардың барлығына жылқылар да, олармен жұмыс істеуге дайын мамандар саны да жетіспеді. Бүгінгі күні болып жатқан өзгерістерге байланысты жылқы иелері жаңа сәйгүліктерді сатып алуға және оларды баптау жұмыстарына инвестиция құюға дайын.

Нұржігіт Табылдиев те атақты жаттықтырушылардың бірі. Маманның жасы 30-дан сәл асқанына қарамастан, оның шәкірттерінің арасында бәйгеден оқ бойы озық шыққандар жетерлік.

Ержан Ақтасовтан оның айырмашылығы – Нұржігіт – кәсіби жаттықтырушының ұлы. Бала күнінен бастап өз өмірін ат спортымен ұштастырған. Отандық бәйгедегі өзгерістерге қатысты ол аға әріптесімен толық келіседі.

«Ауылдық жерлердегі ұлдар үшін бәйгеге қатысу,  жарыста өнер көрсету арман. Міне, ақыр соңында, көптеген адам бұл әрекетті жасауға мүмкіндік алды. Әрине, бәрі бірдей чемпион бола бермейді, бірақ бәрібір балалардың айналысатын ісі болады, ерте жастан бастап жақсы дүниемен айналысуға машықтанады. Солай емес пе? Егер олар жылқылармен жай ғана жұмыс істеуді, оларға қамқорлық жасауды үйренсе, одан кейін мамандық жасай алады. Ат баптайды,  жаттықтырушы бола алады, бәрібір  ешқашан жұмыссыз қалмайды», - дейді ол.

Нұржігіт демеушінің пайда болуымен бәйге шын мәнінде толыққанды спорт түріне айналғанын атап өтті. Былтыр кәсіби спорттық турнирлердің барлық стандарты бойынша ұйымдастырылған республикалық чемпионат өткізіле бастады. Бұл тек біріншіліктің құрылымы мен географиясын ғана емес, сонымен қатар шабандоздардың мәртебесінің көтерілуін де көрсетеді.

«Бәйгеге қатысушылардың «спорт шебері» атағын алуы ешқашан болған емес. Енді жеңімпаздарға атақтар мен дәрежелер беріледі. Барлығы ресми түрде жүзеге асырылады. Бұл қандай мотивация екенін елестетіп көріңіз, 10-12 жастағы балалар спорт шебері атанады. Бұрын жүлделерді бірнеше апта күтетін, қазір дереу төленетінін атап өткен жөн. Жаттықтырушылардың, тұрақты жұмысшылардың ынтасы артады. Әрине, осы көңіл-күймен біз көшпенділер ойындарында жеңіске жетуге дайындалып жатырмыз», - деді Нұржігіт Табылдиев.

«Бәйге» республикалық федерациясы да бапкерлердің сөзіне қосылатынын айтып отыр. Федерацияның вице-президенті Марат Сәбит статистикаға мән беріп, Қазақстандағы ат спорты түрінің дамуына қатысты пайымын айтты.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда ұйымның жыл сайынғы бюджетінің 80%-ы демеушінің қаражатын құрайды, ал чемпионатты өткізу бүкіл ел бойынша мыңдаған шаруашылықтың дамуына мүмкіндік береді.

«Бізде 2023 жылға арналған демеушілік қолдау көлемі 315 миллион теңгені құрады. Оның үстіне, олардың тек 98 миллионы ғана федерацияның әкімшілік шығындарына жұмсалады, ал қалғаны спортшыларға, жаттықтырушыларға ақы төлеуге, ат қора қызметкерлеріне қолдау көрсетуге бөлінеді. Чемпионатқа қатысты мыңдаған көрермен қызығушылық танытып қана қоймай, республиканың түкпір-түкпірінен 4000 шаруа қожалықтары да қатысып жатыр. Тиісінше, жаңа жылқыларды сатып алуға және ұстауға ынталандыру жылына 10-15%-ға артады, ал әр жылқыны баптау 5-тен 8-ге дейін жұмыс орны дегенді білдіреді. Бір ғана тұрақты демеушіні тарту бірден бірнеше аймақтың ауылдық жерлерінде нақты мультипликативті әсер тудырды», - деді ол.

Марат Сәбиттің пікірінше, егер үрдіс жалғаса берсе, Қазақстан бәйгеде және 2024 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында, одан кейінгі жарыстарда қатысуға әрдайым ұсынылып отырады. Оның пікірінше, отандық шабандоздар дәстүрін нығайтуға жақсы қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл – спорт түрінің даму перспективалары мен балалар арасындағы қызығушылықтың артуының айқын көрсеткіші. Ал жаттықтырушы Ержан Ақтасов өскелең ұрпаққа жеңімпаздардың рухын сіңіру үшін бар күшін салуға уәде берді.

«Барлығы сәтті болып жатыр, мұны пайдалану керек. Мен барлық шабандоздарға ат жарысында спорт пен жануарларға деген құштарлықты көрсетіп, бұл бағытта жеңімпаз болуын тілеймін. Біз өзімізге байланысты барлық дүниені  жасаймыз. Кімге чемпион болу бұйырады, соны чемпион етеміз. Ең бастысы керемет мүмкіндіктер пайда болды және бұл ұзақ уақытқа созылады деп үміттенемін», - деп түйіндеді ол сөзін.