Сот оны түрмеге қамап, 14 миллион теңгені қайтаруға міндеттеді
Ақтөбе облысының Темір ауданында Ақсай ауылдық округі әкімдігінің бас маманы алаяқтық жасағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.
Сотталушы атқаратын қызметі бойынша екінші қол қою құқығына ие болған, сонымен қатар ауылдық округ әкімінің электронды цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) өзімен бірге алып жүрген.
«Ол 2020 жылдың сәуірінен 2022 жылдың желтоқсанына дейін әкімнің ЭЦҚ-сы арқылы бюджет ақшасын ұрлап, мемлекетке 14 миллион теңгеден астам шығын келтірген», делінген айыптау актісінде.
Оның 3 миллионы ауыл әкімдігі қызметкерлерінің іссапар шығыны мен жалақысын төлеуге арналған. Ол серіктестіктермен және жеке кәсіпкерлермен заңсыз келісімшарт жасасып, бюджеттің тағы бір бөлігін жымқырған.
Темір аудандық соты оны 4 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарып, ұрланған миллиондарды мемлекетке қайтаруға міндеттеді.