Балалар омбудсмені боксшы Шүменовті қатаң жазалауды талап етті

Azattyq Rýhy

Оның сөзінше, төбелес кезінде баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төнді

Балалар омбудсмені боксшы Шүменовті қатаң жазалауды талап етті

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Астанадағы ОСО-да бүлдіршіннің көзінше төбелес шығарған белгілі боксшыға қатаң жаза тағайындауды сұрады. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Динара Зәкиева екі ер азаматтың жаға жыртысқан сәтінде баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенін ескеріп, ІІМ-ге жүгінгенін мәлімдеді.

«ІІМ-не қылмыстық әрекет жасаған тұлғаның өз іс-әрекетімен жәбірленушінің қолында болған баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргенін ескеру қажеттілігі туралы жүгіндім. Баланың қауіпсіздігіне қауіп төну фактісі әлеуметтік желілерде жарияланған бейне кадрлармен расталады. Сол себепті бұл жағдайда тұлғаны жауапкершілікке қосымша түрде тағы бір бап - "Қорқыту" атты ҚР ҚК-нің 115-бабы бойынша тарту қажет деп ойлаймын», - деп жазды Балалар омбудсмені.

Сондай-ақ ол қолданыстағы заңнамада баланың қауіпсіздігі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдай туғызу үшін жауапкершілікті көздейтін бап жоқ екенін алға тартып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамаға дайындалған өзгерістер блогына тиісті ұсыныс енгізетінін мәлімдеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.