Макинск құс фабрикасында бройлер өсіру өндірісінің үшінші кезегін іске қосу жоспарланып отыр
Жобаны іске асыру өндірісті тірі салмақтағы құс көлемін жылына 56 мың тоннадан 100 мың тоннаға дейін ұлғайтуды көздейді. Қазіргі уақытта Макинск құс фабрикасы тауық етін өндіру көлемі бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы кәсіпорынға айналды. Құс фабрикасының жұмысымен танысу үшін Azattyq Ruhy тілшісі Макинск қаласына ұйымдастырылған баспасөз турына қатысты.
2015 жылы Ақмола облысының Бұланды ауданында Макинск құс фабрикасының құрылысы басталды. Жобаны іске асыру құны 74 млрд теңгені құрады, бұл оны саладағы ең ірі инвестициялық жобаға айналдырды.
Макинск құс фабрикасының бас директоры Ришат Раисовтың айтуынша, 2018 жылдың қыркүйегінде қуаттылығы жылына тірі салмақтағы құсты 34 000 тонна көлемінде өндіретін бірінші кезек пайдалануға берілді.
«Бірінші кезек аясында құрылыс инвестициясы 34 млрд теңгені құрады. Оған әрқайсысында 12 құс қорасы бар бройлер өсіретін 4 алаң, инкубаторий, құстарды қайта өңдеу зауыты, жем өндіру цехы, саңғырықты қордалау алаңы, әкімшілік ғимараттар кірді. Кәсіпорында өндірістің биоқауіпсіздігі мен экологиялығына көп көңіл бөлінеді. Ол үшін зауытта ең заманауи технологиялар қолданылады. Нәтижесінде сапалы және пайдалы өнімдер шығарылады. Фабриканы пайдаланудың бірінші жылы кезеңінде 882 адам жұмыспен қамтылды», - деді Раисов.
Ол атағандай, 2020 жылы Макинск құс фабрикасында бройлер өсіру бойынша өндірістің екінші кезегі пайдалануға берілді.
«Жобаны жүзеге асыру құны 14,5 млрд теңге болды. 2020 жылы өндіріс көлемі 34 000 тонна тірі салмақтағы құс өнімін құрады. Екінші кезектің іске қосылуымен құс фабрикасы қуаты бойынша Қазақстандағы ең ірі фабрикаға айналды. 12 құс қорасынан тұратын төрт жаңа бройлер алаңы өндіріске қосылды. Инкубатор, жемшөп цехы, құс етін өңдеу зауыты және ет-сүйек бөлімі жаңа қуатта жұмыс істей бастады. Екінші кезекті іске қосудың нәтижесінде кәсіпорында 570 жаңа жұмыс орны құрылды», - деді ол.
2021 жылы өндіріс көлемі 61 554 тонна ет өнімдерін құрады. Макинск құс фабрикасының үшінші кезегін салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру басталды, ол 2023 жылы пайдалануға берілмек. Макинск құс фабрикасының үшінші кезегінің құрылысы 2021 жылы басталған.
«Жобаға салынған инвестиция сомасы 25 млрд теңгені құрайды. Алдағы уақытта құс фабрикасының қуаттылығы жылына 100 мың тоннаға дейін құс етін өндіруге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. Құс фабрикасының аумағы мен қуатын арттырудан бөлек үшінші кезек жобасы жаңа құс қораларын салу, союдан қалған қалдықтарды қайта өңдеу жабдығының қуатын тәулігіне 133 мың бастан 140 мың басқа дейін ұлғайту, жем түйіршіктендіру желісінің өнімділігін сағатына 20 тоннадан 30 тоннаға дейін өсіру және өндірістің өзекті талаптарына жауап беретін дайын өнімді сақтауға арналған орындар көлемін арттыру кіреді», - деді Ришат Раисов.
Макинск құс фабрикасы үшінші кезегінің құрылысы – құрамына аталмыш өндірістік кәсіпорын кіретін Aitas холдингінің стратегиялық жоспарының ажырамас бөлігі.
Макинск құс фабрикасының үшінші кезегін іске қосу жобасы импортты алмастыру және аймақты дамыту, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құру сияқты әлеуметтік нәтижеге қол жеткізуге бағытталған. Қазіргі уақытта кәсіпорында 1900-дан астам адам жұмыс істейді.
«Макинск құс фабрикасы және үшінші кезек жобасы құрылысының жүзеге асырылуы – бұл Қазақстанның құс шаруашылығы саласына қосылған үлес, құс фабрикасының өзінде де, МҚФ айналасында дами бастаған басқа да шағын және орта бизнес кәсіпорындарында жұмыс орындарын құру. Біз өз қызметі аясында Бұланды ауданы мен Макинск қаласын дамытуға қатысып келе жатқан Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорымен өте жақсы серіктестік қарым-қатынастамыз», - деді Макинск құс фабрикасының бас директоры Ришат Раисов.
Оның айтуынша, бройлер етіне мемлекет субсидия бөледі.
«Себебі бұл жоба импортты алмастыруға бағытталған. Қазақстан толықтай өзін-өзі бройлер етімен қамтамасыз етпейді. Сәйкесінше, бройлер еті ТМД елдерінен әкелінеді. Ең алдымен ол-Ресей. Еттің сапасы да басқа. Біздің еттің сапасы жоғары. Бір келіні сатсақ, үйде де ол бір келі салмағында қалады. Ал импорттан келген еттер мұздатылған. Біздің фабрика Қазақстанда алғаш рет салқындатылған құстың етін сатуды бастады. Бүгін шығарылған ет, бүгін тұтынушыға жетеді. Оның сақталу мерзімі 7 күнге дейін барады. Бұл жоба импортты алмастыруға бағытталған. Белгілі бір шекті мөлшерге жеткен соң ауыл шаруашылығы министрлігі субсидияны қысқартуы да мүмкін. Оны қалай боларын уақыт көрсетеді», - еді ол.
Құс фабрикасының директоры салада кадр тапшылығы бар екенін айтты.
«Бұл салада мамандар жетіспеушілігі бар. Құс өсіру саласы дамытуды қажет етеді. Біз Құс өсірушілер одағымен тығыз байланыстамыз. Елімізде бір-де бір колледжде құс өсірушіні әзірлеп шығармайды. Тапшы мамандықтардың қатарында құс өсірушілер де бар. Сондықтан кадр жетіспегеннен біз мамандарды басынан бастап оқытамыз. Студенттерді тәжірибеден өтуге шақырамыз. Оларды оқытудан өткізіп, жағдайларын жасаймыз. Өкінішке қарай, өте аз мөлшері жұмыс істеуге қалады. Бұл кадрлық жүйені мемлекет деңгейінде шешу керек. Қазір барлығы автоматтандырылған жүйе болғандықтан, мамандар техникамен жұмыс істеуді меңгеруі керек. Қалған материалдық жағдай мен арнайы киіммен қамту, жақын ауылдық жерлерге жеткізу сынды іс-шаралар компанияның есебінен жүзеге асырылады», - деді ол.
Өз кезегінде өндіріс цехінің бастығы Евгений Овдиюктің айтуынша, құс фабрикасында 17 өндірістік нысан, атап айтқанда инкубатор, әрқайсысында 12 құс алаңы бар қолданыстағы 8 құс қорасы және пайдалануға берілу жоспарланып отырған 4 құс қорасы; құс өңдеу зауыты, құс саңғырығын, ет және сүйек қалдықтарын қордалау алаңы, жем өндіру цехы бар.
«Өндірістің биоқауіпсіздігі мен экологиялығы талаптарын сақтау мақсатында кәсіпорында инкубациялық өндіріс, құс өсіру, сою және ет-сүйек ұнын өндіру сатыларында жоғары технологиялық энергия үнемдейтін жабдықтар пайдаланылады.Құс фабрикасының аумағында орналасқан барлық ғимараттың жалпы ауданы 300 мың шаршы метрден асады. Жоба Еуропалық қайта құру және даму банкінің, Baiterek Venture Fund венчурлық қорының және Қазақстанның даму банкінің кредиттік желісінің қолдауымен іске асырылуда», - деді ол.
Овдиюктің айтуынша, автоматтандырылған жүйе бойынша бөлшектеудің екі тармағы бар.
«Оның бір тармағы 6500 басты бөлшектейді. Сағатына 13 мың басты автоматты түрде бөлшектей аламыз. Осылайша, әр кезеңнен өткен тауарды салқындатылған күйде бөлшектеп сөрелерге жеткіземіз. Бөлшектегеннен кейінгі қалдықтардан фарш жасалып, кейін ұнтақталған ұн жасалады», - деді ол.