Лай суды ішуге мәжбүр: Алматыда Кеңсай шағын ауданының тұрғындары шу шығарды

Автор: Azattyq Rýhy

Мұнда тіршілік нәрімен қоса, жарық мәселесі де күрделі

Фото: inbusiness.kz

Жуынуға да жарамайтын лай суды ішуге мәжбүр. Алматыда Кеңсай шағын ауданының тұрғындары шу шығарды. Өйткені, жергілікті халық әлі күнге дейін суды тасып әлек. Ол аздай, бүтін бір ықшам аудан жарыққа да жарымай отыр. Салдарынан техникалары жиі күйіп кете береді екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Қолда 2 бөтелке. Белде белбеу. Жұмабай ақсақалдың бірнеше жылдан бері күнделікті өзімен алып шығатын заттары осы. Жасы 75-ке келсе де, бұлақтан су алу үшін өз аяғымен төбеден түсіп, төбеге көтеріледі екен. Амал нешік? Үйінде жалғыз тұрады. Тіршілік нәрін таси бергеннен белі де қайысып, денсаулығы да сыр берген.

 «Бір рет келемін. 10 литр аламын. 5 литріне дәрет аламын, 5 литрына шай ішемін. Ауыр. Биікке шыққанда 5 литрді қойып қойып шығарамын. Қайта түсіп, екіншісін апарамын. Тұзды су. Қатты терлесең үстіңдегі киіміңнің бәрі тұз болып шығады», - дейді қала тұрғыны Жұмабай Тұрғынбаев.

Расымен де, бұл су негізі ішуге жарамыз дейді. Сыртынан қарасаң лай. Бірақ, өзге шарасы жоқ қараша осы суға жуынады, әрі оны ішетін болған. Ал, мұршасы келгендер, яғни көлігі барлар таза суды осы жерден алады. Бірақ, мұның өзі оңып тұрған жоқ. Қараңыздаршы, мынау барына ашылғаны. Жәй осылай сыздықтап ағады. Бір бөтелкені толтыру үшін бақандай жарты сағат уақытың кетеді екен.

Кеңсайлықтардың мұңы мұнымен бітпейді. Тіршілік нәрімен қоса, жарық мәселесі де күрделі. Бірде бар, бірде жоқ. Жаңбыр жауып, жел тұрса мүлде болмай қалады. Ал, қалыпты күні кернеуі аз. Кесірінен күйіп кеткен осындай техникалар әрбір үйде үйіліп жатыр.

Әкімдіктегілер жарық мәселесін күзде 90 пайызға дейін шешеміз деп әңгімені әдемі бастағанымен, су мәселесіне тоқталып көңілді көншітті. Биыл тіршілік нәрін тек 2 көшеге ғана жүргізуді жоспарлапты. Ал, қалған саяжай бірлестігі таулы аймақта болғасын, қиын деп отыр.

 «Магистральдық құбыр соңына дейін барады. Арасына 10 колонка қойылады. Ал, жоғарғы жақта бағбандар. Оларға жоспармен кірмегенше өздерінің суларымен отырады. 24-25-ші жылдары жобамен кіреміз», - дейді Медеу ауданы коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Азат Кәкетаев.

Жобамен кіру бір бөлек, тұрғын үйлерге ауыз суды кіргізу басқа әңгіме. Яғни, оның қашан іске асып, қай уақытта басталатыны белгісіз. Сайып келгенде, биыл ауыз су мәселесі толықтай шешілмейді деп отыр. Енді қарашаның тек күтуінен басқа амалы жоқ. Бастысы атқамінердің сөзі сылдыр суға айналып кетпей, тіршілік нәрі тезірек тартылса екен деп тілейді.