Түркістан облысында мылтықтың оғынан көз жұмған оқушыға қатысты жаңа деректер шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Оқиға өңірдегі шаруа қожалықтардың бірінде болған

Түркістан облысында 7 жасар бала оққа ұшырап, оқиға орнында көз жұмды. Жазатайым жағдай Қазығұрт ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінде болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Әкесімен бірге жұмыс орнына еріп барған бала, туысы құс атуға оқталған сәтте мылтықтың алдынан шыға келген. Салдарынан оқ басына тиіп, мектеп оқушысы оқиға орнында көз жұмды.

Белгілі болғандай, бала биыл ғана бірінші сыныпты бітірген. Шаруа қожалығында оның әкесі мен туысы жұмыс істеген, оқушы бала сол күні олармен бірге еріп барған көрінеді.

Қайғылы оқиға жүзімдікте болған. Жүзімдерді құстардан қорғау үшін оқ атқан сәтте, бір орында отырған бала аяқ асты мылтықтың алдынан шығып қалған. Атылған оқ баланың басына тиіп, ол оқиға орнында қаза тапты.

Марқұм Ақжар ауылындағы №28 мектепте биыл бірінші сыныпты тәмамдаған. Мектеп директорының орынбасары баланың тәртібі мен оқу үлгерімі жақсы болғанын, толық отбасынан шыққанын айтады.

«Бұл баланың оқу үлгерімі орта, жақсы деп айтсақ та болады. Отбасында 4 қыз бір бала, бұл үшіншісі, қыздардың арасында. Оқу үлгерімі жақсы. Бірақ ол баламыз өте шоқ, жақсы бала еді», - дейді №28 Абылай хан атындағы мектеп директорының орынбасары Ғалымжан Нованов.

Жазатайым оқиғаға күдікті бүгінде полиция бөліміне жеткізілген. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

«Күдікті Сарыағаш ауданының тұрғыны, полиция бөліміне жеткізілді. Аталған фактіге байланысты ҚР ҚК «Абайсызда қазаға ұшырату» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл баптың санкциясы 3 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады. Арнайы сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталу үстінде»,- деді Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы Гүлнар Абдужаппарова.

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары шаруа қожалықтарын тек құстан ғана емес, күн сәулесі мен жаңбыр, бұршақтан қорғау үшін арнайы тор қажет екенін, ол үшін мемлекеттен 40 пайыз субсидия қарастырылғанын айтады.

«Құстардан қорғау мақсатында, жаңбырдан, құстан, бұршақтан қорғау мақсатында бізде жүзім шаруашылығы, одан бөлек қарқынды бау шаруашылығында, тағы да күннің сәулесін бәсеңдетуге арналған жапқыншы сеткалар болады. Яғни, ол сеткалар мемлекет тарапынан сатып алғандығы үшін, сол жерге орнатқаны үшін мемлекет тарапынан 40 пайыз субсидия қарастырылған инвестициялық.  Жабынды сеткалары сол жердегі барлық нәрселерден қорғау үшін қарастырылған. Бірақ ол жерде қару қолданып, құстарды қарумен атсын деген жоқ енді ол жерде», - Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов.

Кеше 7 жасар бала туған ауылы Ақжарда жер қойнына тапсырылды. Түсірілім тобына баланың жақындарымен тілдесу мүмкін болмады. Ал шаруа қожалықтың иесі жұмыс орнында болмай шықты. Айта кетейік, марқұм отбасындағы 4 қыздың ортасындағы жалғыз ұл еді.