Қостанай облысында медициналық мекемелердің кредиторлық қарызы 3,5 млрд теңгеге жеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір көбісі коммуналдық қызмет, құрал-жабдық, дәрі-дәрмек ақысын өтей алмай отыр

Фото ашық дереккөзден

Қостанай облысы бойынша медициналық мекемелердің кредиторлық қарызы 3,5 миллиард теңгеге жетті. Борышқа белшесінен батқан кейбір аудандық ауруханалардың есепшоты бұғатталған. Қазір көбісі коммуналдық қызмет, құрал-жабдық, дәрі-дәрмек ақысын өтей алмай отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Арқалық қаласы тұрғындарының айтуларынша, мемлекет есебінен берілетін дәрі-дәрмекті өз ақшаларына сатып алуға мәжбүр. Өңірлік аурухананың бас дәрігері міндетін атқарушы Ерлан Амалбеков ондай жағдайдың кейде болып қалатындығын жоққа шығармайды. 

 «СК-Фармациядан кешігіп келетін кездері болады. Кейде жолдың қашықтығы бар, шалғайлығы бар. Бізді СК-Фармация ЖШС қамтамасыз етеді дәрі-дәрмекпен және де Фармаком. Сол қыс уақыттарында ауа райының қолайсыздығына байланысты кешігіп жатады. Қалған уақыттарда, қазіргі таңда дәрі дәрмек жеткілікті», - дейді Арқалық өңірлік ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Елнар Амалбеков.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін Фармация компаниясына Арқалық ауруханасының қарызы қордаланып қалған. Алашағын өндіріп алу үшін олар медициналық мекеменің есеп-шотын бұғаттауға дейін барған. Жалпы Арқалық өңірлік ауруханасының  жалпы қарызы бүгінде 278 миллион тенгеге жеткен. Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бөлінетін қаржы жалақымыздан артылмайды дейді. 

 «Жалақыға бізге кемінде 89 миллион керек айына. Оның ішінде бүкіл налогымыз бар . Бізге ФОМС-тан 91 миллион қаржы түседі. Сонда бізде 3 миллион ғана қалады. Біз оның сыртында басқа поставщиктерге беруіміз керек», - дейді Арқалық өңірлік ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Елнар Амалбеков.

Қысқасы өңірлік ауруханалардың коммуналдық қызмет, дәрі-дәрмек, ас-тағам үшін төлеуге мүмкіндіктері жоқ. Ал әлеуметтік медициналық сақтандандыру қорының өкілдері бекітілген емдеу тарифынан артық ақша бере алмаймыз дейді. Бұл тығырықтан шығудың жолы ауруханалар мен емханаларды біріктіру керек. сонда қаржы үнемделеді. Немесе емдеу тарифін көтеру қажет. Бұл дәрігерлердің ұсынысы. Ал қор басшысы мұнымен келіспейді. 

 «Штатты, стационарлық керует санын ықшамдау керек. Мысалы Арқалықта орта буын медициналық мамандар Лисаковқа қарағанда екі есе көп. Ал қызмет көрсететін тұрғындардың саны бірдей десе болады. Аурухана мен емхананы біріктіргеннен ештеңе өзгермейді. Оңтайландырудан басқа амал жоқ. Егер олай істемесек, аудандық ауруханалардың қарызы қордалана береді», - дейді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Батырбек Нұрғалиев

Кредиторлық қарызға батқан жалғыз Арқалық өңірлік ауруханасы ғана емес. Бұл облыстағы көптеген  медициналық мекемелердің басында бар жағдай.

Соңғы мәліметке сүйенсек, облыстағы ауруханалардың жалпы қарызы 3 миллиард тенгеге жеткен. Тағы бір айта кетерлік жәйт, денсаулық сақтау саласындағы жауапты қызметкерлер медицинаға қатысты мәселелер жайында ашып айтқысы жоқ. Ауруын жасырған өледі дегенді басқа-басқа ақ халаттылар жақсы білсе керек еді.