Астананың сәулет өнерінде қолтаңбамды қалдыру бағыма бұйырды – Сәрсембек Жүнісов

Автор: Azattyq Rýhy

Ол – елорда төріндегі көптеген ғимараттардың авторы

6 шілде Астана күніне орай, Елорданың бас жоспарын жасауға ат салысқан Қазақстанның құрметті сәулетшісі, Астананың Құрметті азаматы Сәрсембек Жүнісовпен сұхбаттастық.

Ол – елорда төріндегі көптеген ғимараттардың авторы. Олардың қатарында қала тұрғындарының көз қуанышына айналып үлгерген Нұрлы жол бульвары, Дөңгелек алаң, қаланың жол-көлік қозғалысы, Астананың шығыс бөлігіндегі аудандар, Жасыл белдеу бар. Қала қалыптасқан кезеңдерде «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ директоры қызметін атқарған. Ол елордамыздың көз алдында бой түзегенін айтады.

- Сәрсенбек Ендібайұлы, бүгінгі айтулы мерекемен құттықтаймыз! Бұл мерекенің сіздің өміріңізде алатын орны ерекше болар. Астананың бас жоспарын жасауға ат салысқан бір топ сәулетшінің бірі екенсіз. Сол кезді бір еске алайықшы.

1995 жылы Алматы қаласының сәулет өнері және қала құрылысы департаментінде қызмет атқарып жүргенімде, арқа төсінде жаңа қала салынатыны туралы естідім. Бұрын шағын ғана қала болған Целиноградтан Астанамызды жасауға қатысу – кез келген сәулетшінің арманы. Біздің тағдырымызға осындай бақ бұйырған екен. Ол кезде Ақмолада Астананы салатын сәулетшілер жетіспеді. Сондықтан бізге Алматыдан Астанаға келіп, қаланың бас жоспарын жасау туралы ұсыныс түсті. Мен бұл ұсынысты қуана қабылдадым. Ел астанасын ауыстыру туралы шешім қабылданғанда, елорданың бас жоспарын жасауға кірісіп кеттік. Бәрі көз алдымызда салынды.  Бірге жұмыс істейтін жігіттермен жаңа қаланың жобасын жасайтын үздіктерді анықтауға арналған алғашқы республикалық, одан кейінгі халықаралық байқауға қатыстық. Шетелдерден келген авторлар да конкурсқа қатысты. Біз сол конкурсты ұйымдастыруға да ат салыстық. Сондай-ақ Нұрлы жол бульвары, Дөңгелек алаңның авторы әрі сәулетшісі болдым. Осы туындым үшін Өнер мен әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болдым.  Осы Астананың құрылысына негіз болатын бас жоспардың сұлбасын Мемлекет басшысына көрсеткеніміз әлі де кешігідей көз алдымда. Ол кезде қаржыландыру шетелдік инвестиция есебінен жүзеге асты. Бәріңіз білетіндей Кисе Курокава қаланың бас жоспарына жариялаған байқауда жеңіске жетті.

- Әлемді аузына қаратқан Астанамыз қалай дүниеге келіп еді?

Нұрлы жол бульварының бас жоспарын жасағанымыз есіме түсіп отыр. Ақ үйдің, Бәйтеректің, Дөңгелек алаңның, Қазмұнайгаз ғимаратының орнын белгіледік. Ең бірінші іске асыру жұмысы Қазмұнайгаздан басталды. Одан кейін «Transport tower» салынды, тұрғындар оны «Зажигалка» деп атап кетті. Дөңгелек алаң, Бәйтерек, Ақорда үшеуін үш қазық етіп қойдық та, ортасынан Нұрлы жол бульварын сызып, бір-біріне қостық. Бұл елордамыздың сол жағалауының картасы болды. Астанада ең бірінші болып салынған ғимарат – Қаржы министрлігінің ғимараты. Халық арасында «доллар» атанып кетті. Астана Целиноградқа көшірілгеннен кейін министрліктер үйі күн санап көбейе берді.

- Астанаға ең алғаш келген сәтте әлемдегі ең әдемі қалалардың біріне айналатынын сездіңіз бе?

Астанаға бірінші рет келгенде қара суық болды. Кеңес Одағы құлағаннан кейін қала қирап, азып кеткен еді. «Біз қайда келдік? Бұл бола ма, болмай ма?» деген ойлар болды. Ең алғаш келгенде жақсы әсер алдым деп айта алмаймын. Астана ол кезде барлық Кеңес Одағының қалалары сияқты болатын. Қала тұрғындарының саны небәрі 73 мың ғана еді. Енді ғана қаланып жатқан қаланың қандай жылдамдықпен өсетіні, халық саны нешеге дейін жететін ешкім дәл айта алмайды. Әрине бұған дейін негізі қаланған үлкен қалалардың өсу қарқыны бойынша болжам жасалады. Сол кезде Астана халқы 800 мыңға дейін жетеді деген болжам болды. Осы себептен де Кисе Курокаваның 800 мың халық санына орайластырып жасаған бас жоспарын өзгертуге уақыт өте келе өзгертуімңзге тура келді. Себебі көзді ашып жұмғанша Астана өсіп келе жатыр. Ең бірінші құрылыстар бой көтере бастағанда қаржы аз, жұмыс өте көп болды. Біз демалыссыз, тікемізден тік тұрып еңбек еттік. Түн ішінде де жиналыс өткізетін кездер де болды. Сөзбен айту қиын, дегенмен біз бір-бірімізді үнсіз ұғып, тілсіз түсіндік. Біз үлкен істің басында тұрғанымызды сезіндік. Бұл – бір жағынан жауапкершілік болса, бір жағынан бақ еді.  

- Астананың сәулет өнеріне тәжірбиелі сәулетші ретінде қандай баға бересіз?

Астананың салынуы еліміздің сәулет өнері саласын сөзсіз өсірді. Сәулетшілер Астанадағы ірі жобаларды өз қолдарымен жасау мүмкіндігіне ие болды, қас қағым сәтте озық сәулет өнерінің үлгісін жасауды үйренді. Қазір біз көрші мемлекеттердің сәулетшілерінен кәсіби жағынан әлдеқайда жоғары тұрмыз. Бұрын сәулетшілерді шетелдік және отандық деп бөлетінбіз. Қазір бөле алмаймыз. Өйткені отандық сәулетшілер Астана құрылған 25 жыл ішінде өсті. Жалпы айтқанда, сәулетшілердің жұмысына жоғары баға беремін. Қаланың кескін-келбеті заманауи. Астанадағы ғимараттар бірегейлігімен ерекшеленеді. Елордамыздан басқа еш жерде кездеспейді. Қала әлі де үлкейе береді. Қаланың бас жоспарындағы тағы бір ерекшелік – көлік инфрақұрылым үшін ыңғайлы етіп әрбір деталі ұйымдастырылған. Әлі де Астана қанатын кеңге жайып бара жатыр. Соңғы жылдары «ЭКСПО-2017», «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы салынды. Астана – болашағы жарқын қала. Сондықтан Астанадағы сәулет өнері уақыт өткен сайын ажарлана, айшықтала береді деп ойлаймын.

- Астананың сіздің өміріңіздегі маңызы қандай?

Елордада 28 жылдан бері тұрамын. Әлі күнге негізгі мамандығым бойынша қала құрылысын жобалаумен айналысамын. Астананың дамуы мен өсуін ешқашан тоқтатпайды, бұл – жалғаса беретін процесс.  Арада жүз жыл өтсе де қала салына береді. Себебі Астана – заманалар жылжыған сайын өзгеретін, гүлденетін, түрленетін орталық. Осы қалада кіші ұлым дүниеге келді. Қазір екі ұлым да менің жолымды қуып, біреуі – архитектор, екіншісі – қала құрылысы маманы болды. Астананың сәулет өнеріне өз үлесін қосып жатыр. Отбасымызбен Астананың сәулетінде өз қолтаңбамызды қалдырып жатырмыз. Астананың бір кірпіші болып өзіміз де қаландық.

Сұхбатыңызға рахмет!