«Бетон мен асфальттан ғана тұрады»: сарапшы 30 жылда өзгермеген кеңестік құрылыстың стандарты жайлы
Ол атағандай, бұрын негізгі алаңдар тек шерулер өткізу үшін пайдаланылған
Астананың 25 жылдығы бауырлас қалалардың мерейтойлық форумы аясында өткен сессияда «INK Architects» компаниясының негізін қалаушы, британдық сәулетшілер корольдік институтының құрметті мүшесі Нұрлан Қамитов құрылыстың ескі моделі жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Нұрлан Қамитов Қазақстанға және басқа посткеңестік елдерге КСРО-дан мұраға қалған екі басты мәселе бар екенін атап өтті.
«Бұл – сәулет және қала құрылысы объектілерін жобалаудағы ескі нормалар мен ережелер, сондай-ақ социализм идеологиясын бейнелейтін маңызды қала құрылысы тораптары ретіндегі үлкен және кіші қалалардың басты алаңдары. КСРО-дағы барлық қала бірыңғай стандар бойынша қалыптасқаны белгілі, оның негізінде идеология диктаты да, өз заманының маңызды әлеуметтік міндеттерін шешу жатыр. Кеңес дәуіріндегі қала жоспарында олар мынадай догмаларды ұстанды: адамгершілікке жатпайтын ауқым, мысалы, пролетариат көсемінің мүсіндері, мемлекеттің адам үстінен жетекшілік етуін насихаттау, жоспарлы экономиканың кеңестік өмір моделі үшін жобалау, иесіздендірілген типтік құрылыс», - деді Қамитов.
Оның айтуынша, өткен дәуірдің салдары ретіндегі мәселе – біздің елімізде осы күнге дейін қолданылып жүрген сәулет-қала құрылысы міндеттерін шешудегі бірыңғай СНжҚ мен регламенттердің басымдығы.
«Сонымен бұрынғы КСРО аймақтарының климаттық жағдайлары мүлдем әртүрлі екені белгілі. Ғылыми-зерттеу институттары өз кезінде зерттеп, өз ұсыныстарын берді. Бірақ кеңестік құрылыс пен сәулет барлық жерде бірыңғай стандартты қолданды. Бұл бірыңғай нормалар КСРО ыдырағаннан кейін 30 жыл өтсе де осы күнге дейін қолданылады. Сонымен қатар көптеген бірыңғай стандарт Қазақстанның климаттық аймақтарында нашар «жұмыс істейді», олар орнықтылық пен ресурстық тиімділік қағидаттарына қызмет етпейді. Мысалы, еліміздің солтүстігі мен оңтүстігі арасындағы климаттың ерекшеліктеріне әртүрлі көзқарастың болмауы электр энергиясын, газды және жылыту жүктемесін асыра пайдалануға әкеледі. Менің ойымша, ескі нормаларды да, біртұтас тәсілді де жаңа заманның талаптарына сүйене отырып өзгертетін уақыт келді», - деді ол.
Сәулетшінің айтуынша, Кеңес Одағы мұрасының тағы бір проблемасы, бұрын негізгі алаңдар тек шерулер өткізу үшін пайдаланылған.
«Кеңес империясы ыдырағанына 30 жылдан астам уақыт өтті, бірақ қазір ТМД-ның көптеген қаласындағы басты алаңдар әлі де көп мөлшерде бетон мен асфальттан ғана тұрады. Олар жерді тиімсіз пайдаланумен, қызметтік толтыруы болмауымен, қалалық орта мен ландшафт дизайнына ескірген көзқараспен, тұрғындарға ойын-сауық орны ретінде тартымсыз орындармен, әртүрлі сценарий мен пайдаланушылар үшін инклюзивтіліктің жеткіліксіздігімен ерекшеленеді. Олар сондай-ақ қатардағы тұрғындар үшін жылына бірнеше рет мерекелер, демалыс күндері жәрмеңкелер өткізуден басқа, сондай-ақ жол жиегіндегі автотұрақ орны болудан басқа ешқандай әлеуметтік ауыртпалықты көтермейді. Бұл ретте, алаңдар - көбінесе бос, ыңғайсыз кеңістік. Қаладағы кез келген ашық кеңістік, ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық міндеттерді орындауы тиіс, яғни қалалық ортаның сапасын жақсартуға ұмтылуы тиіс», - деді ол.