«620 млн теңге шығын»: «Almaty Kuat» ЖШС директоры 6,5 жылға сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол екі жыл бойы алаяқтық жолмен кәсіпкерлерден электр энергиясы үшін негізсіз ақы алып келген

Фото ашық дереккөзден

«Almaty Kuat» ЖШС директорына қатысты алаяқтық және аса ірі көлемде қаржыны заңдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Тергеу барысында анықталғандай, ЖШС директоры Алматы қаласының индустриалды аймағына қатысушы 10-нан астам шаруашылық жүргізуші субъектілерімен электр энергиясын жеткізу шартын жасасып, электр энергиясын тұтынушыларды, сондай-ақ өндіруші және жеткізуші ұйымдарды алаяқтық жолмен электр энергиясын тұтынғаны үшін төлем шоттарын жазып, екі жыл бойы кәсіпкерлер электр энергиясы үшін негізсіз ақы төлеп келгені анықталды.

Осылайша ол жалпы сомасы 620 млн теңгеден астам шығын келтірген.

Одан әрі жедел-іздестіру шаралары барысында жоғарыда аталған ЖШС директорының мәмілелер арқылы қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражаттарды заңды айналымға түсіргені анықталды.

Сот қаулысымен жалпы сомасы 134 млн теңгеден астам жер телімдері мен құрал-жабдықтарға қамауға алынды.

Сот үкімімен ЖШС директоры кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды.