Рыбакина - Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ші ракеткасы
Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Жарыстың басты фавориттерінің бірі Е. Рыбакина биыл өткен жылғы чемпиондық атағын қорғауға тиісті еді.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 49-ракеткасы, америкалық Шелби Роджерспен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар бес мәрте кездесіп, соның үшеуінде Е. Рыбакина жеңген еді.
Бұл жолы орталық корттағы матчта америкалық теннисші брейкпен бірден алға шықты – 2:0. Сет біткенше сол басымдылығын сақтап қалды – 6:4.
Есесіне екінші партияда қазақстандық спортшы 5:0 есебімен алға кетті. Сосын өз пайдасына шешті – 6:1.
Е. Рыбакина үшінші, шешуші сетті де брейкпен бастады – 1:0. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:2.
Бір сағат 43 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 12 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыласы 2 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.
Елена Рыбакина үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 74-ракеткасы, франциялық Ализе Корне немесе рейтингте 127-сатыдағы жапониялық Нао Хибиноның біреуімен таласады.
Бүгін сондай-ақ, тағы бір қазақстандық, рейтингте 56-орында тұрған Юлия Путинцева әлемнің 13-ракеткасы, бразилиялық Беатрис Хаддад Майядан өтуге тырысып көреді.