Ол әр өңірде партиялық кеңестер жұмыс істейтінін еске салды
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының алғашқы республикалық форумында фракция қалай жұмыс істеуі керек екені жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Келесі маңызды мәселе – сайлаушылармен өзара іс-қимыл. Біз не істесек те, сайлаушылардың мүддесі үшін қызмет етеміз. Ол үшін қазірден бастап мәслихаттардың жұмысын түсінікті, ашық негізде жүргізу қажет. Жергілікті жерде бірқатар олқылықтың бар екені жасырын емес. Азаматтар көбіне әділетсіздік пен немқұрайлы көзқарасқа шағымданады. Соның кесірінен адамдар әділет іздеп Астанаға сабылады. Депутаттармен, министрлермен, тіпті Мемлекет басшысымен кездесуді талап етеді.
Айналып келгенде, сол проблемалардың көбі – сіздердің ықпал етіңізбен өңірлік деңгейде шешілетін нәрселер. Сондықтан барлық проблеманы орталыққа ысырып қоятын әдеттен арылғанымыз жөн деп ойлаймын. Әр өңірде партиялық кеңестер бар екенін де ұмытпаңыздар. Сол кеңестерге әкімдерді, басқа да лауазымды тұлғаларды шақырып, өзекті мәселелерді бірге талқылап, шешуге болады», - деді ол.
Ерлан Қошанов сайлаушылармен жұмыстың басты өлшемі – адалдық пен уәдеге беріктік екенін айтты.
«Біз бұл қағидадан ауытқымауымыз керек. Мысалы, сайлау кезінде Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары шекаралық аудандарды қалпына келтіру мәселесін қозғады. Біз бұл мәселенің өз құзырымызға кірмейтінін ашық айттық. Бірақ ол өтінішті Мемлекет басшысына жеткізуге уәде бердік және уәдемізді орындадық. Кеше ғана Президент Қатон-Қарағай, Марқакөл, Мақаншы аудандарының алдағы екі жылдың ішінде ашылатынын жария етті. Батыс өңірге барғанда вахталық ауысымның уақытын реттеу туралы әңгіме болды. Біз бұл мәселені сол жақтағы алпауыт компаниялармен бірлесіп, мұқият қарастырып жатырмыз», - деді ол.
Қошанов атағандай, партияның Сайлауалды бағдарламасында біз ауылға баратын жас медицина қызметкерлері үшін 10 миллион теңге көтерме ақы төлеу міндеті қойылған.
«Ол да орындалып жатыр. Бұдан бөлек, халықты толғандырып отырған барлық мәселені партиялық жобаларымыздың аясында шешуге күш салып отырмыз. Өткен жылдан бері «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» жобалары жүзеге асырылуда. Жақында қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы басталды. Өзге де көптеген партиялық жобамыз бар. Бұл жобалардың бәрі де қарапайым азаматтар үшін жасалған», - деді ол.