«Маңғыстауға жасалған нағыз қиянат»: Жаңбыршин кен орнындағы апат жайлы

Автор: Аягөз Құрмаш

«Қаратұрын» кен орнында 18 күн бойы мұнай-газ жанып жатыр

Фото ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Маңғыстаудың мұнайына қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Маңғыстау облысындағы «Қаратұрын» кен орнында 9 маусым күні мұнай ұңғысында апат болып, 18 күн бойы мұнай-газ жанып, қоршаған орта зиянды заттармен ластанып жатыр. Әлі күнге дейін апатқа жұмылдырылған мамандандырылған «Ақберен» мекемесі алауды сөндіре алмай отыр. Кезінде бұл мекеме жекешелендірілді. Сонда оның тиімділігі, әлеуеті, кәсіптік деңгейі төмен бе, қауқарсыз ба? Бизнес жақсы жұмыс жасайды деген қағидат қайда?», - деді ол.

Жаңбыршин атағандай, кен орынды игеруші - «Бозашы-нефть» компаниясы.

«Бізде бар ақпарат бойынша бұл компания заңды белшесінен басып, кен орнында техникалық қауіпсіздікті сақтамай келген. Жұмысшылардың жалақысы төмен, әлеуметтік жағдайлары тиісті деңгейде емес, арнайы киімдер мен қорғану жабдықтары дұрыс берілмейді, техникалық қауіпсіздік қызметі кен орнында жұмыс жасамайды, өздерінің құқықтарын заң жүзінде талап еткен жергілікті жұмысшыларды жұмыстан шығарып жіберіп, басқа өңірден жұмысқа адамдарды қабылдаған. Бұл –  онсызда жұмыссыздық белең алған Маңғыстауға жасалған нағыз қиянат. Сонымен қатар, инсайдерлік ақпарат бойынша, компания кейбір ұңғылардан заңдастырмай мұнай шығарып отыр. Яғни 21 ғасырда «Бозашы-нефть» компаниясы жабайы капитализм әдісімен жұмыс істеп отыр», - деді депутат.

Оның айтуынша, Лондонда тұрып жатырған қожайынына тек пайда ғана керек.

«Қалғаны күл болмаса, бүл болсын. Бұларға сонда управа жоқ па? Мемлекет басшысының мұнай-газ саласындағы кемшіліктерді реттеуге, экологиялық және өндірістік қауіпсіздікті қатаң сақтауға қатысты тапсырмалары неге орындалмайды? Мұнай компаниясының жұмысын қадағалайтын және бақылайтын құзырлы органдар осы күнге дейін ай қарап келген бе? Жергілікті прокуратура не істеп отыр? Әлде мәселенің бәрі бармақ-басты, көз қыстымен шешіліп қойылған ба?

Мұндай жағдай тек «Бозашы-нефть» компаниясында орын алып отырмағаны анық. Яғни, еліміздің мұнай саласында шешілмеген жүйелі проблемалар бар», - деді ол.