$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Креслосына мастану»: Алматыда кәсіпкерлер вице-министр Арман Шакқалиевтың мәлімдемесіне қарсы шықты

Жыл соңында модернизация жасалмаған базарларды жабу басталса, Алматының өзінде 31 мың адам жұмыссыз қалады

«Креслосына мастану»: Алматыда кәсіпкерлер вице-министр Арман Шакқалиевтың мәлімдемесіне қарсы шықты
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Алматылық кәсіпкерлер вице-министрдің мәлімдемесіне қарсы шықты. Мәжілістегі Үкімет сағатында Сауда және интеграция вице-министрі Арман Шакқалиев жыл соңына дейін Астана, Алматы, Шымкент қалаларында базарларды толықтай жаңарту қажет екенін мәлімдеген болатын. Ол «Жол картасы орындалды, біз орындалуын бақылап отырмыз. Орындамаған сауда нарықтары таратылады!» деген еді. Модернизациядан өтпеген базарларды күштеп тарату туралы вице-министрдің мәлімдемесі кәсіпкерлердің арасында дүрбелең тудырды. Шағын және орта бизнес өкілдері, шенеуніктің бұлайша ойланбай сөйлеуі мыңдаған кәсіпкерлердің тағдырына балта шабу деп санайды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылдың 12 қазанындағы № 728 қаулысында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға сәйкес, 2022 жылы жоспарланған 42 сауда нарығынан жыл соңына дейін 38 сауда нарығын жаңартау жоспарланған. 2025 жылы барлығы 103 базар модернизациядан өтуі тиіс. Алайда кәсіпкерлер вице-министрдің базарларды жаңартуды 2025 жылға дейін күтпей-ақ, биыл ірі үш қаладағы саудан орындарын аяқтау, олай болмаған жағдайда шара қолдану туралы пікірі нағыз жаңсақтық деп санайды.

«Пандемия, одан кейін көрші елдерде болып жатқан саяси шиеленісті жағдайлардың бәрі кәсіпкерлікке кедергі келтірді. Сондықтан мемлекет тағы бірнеше жыл уақыт беріп, бизнеске көмек көрсетуі тиіс. Бізде кәсіпкерлікті дамыту бойынша арнайы топ, ұйымдар бар. Осы уақытқа дейін базарды дамыту үшін өте көп қаржы жұмсадық. Қазіргі жағдайды қалыптастыру үшін аз жұмыс істелмеді. Санитарлық жағдайын, өрт қауіпсіздігін, өзге де талаптарды реттеуге көп қаражат кетті. Тіптен, қазір біз 100% қаражат, инвестор таптық деп санағанның өзінде, базарды толықтай модеранизациялауға құрылыс материалдары жетіспейді. Құрылысты жүргізетін де маман жетіспейді, құрылыс материалдары да ондай көлемде табылмайды. Бүкіл базарды бір сәтте модернизациядан өткізу мүмкін емес. Сондықтан жыл соңына дейін базарды түгелдей модернизацияламаса, сүріп тастау керек деген ақылға сыйымсыз ой. Егер заң ондай талап қойса, біз мемлекеттен демеу, көмек күтеміз. Бизнестің бұл саласы субсидиялауға да, төмен пайызбен несиелеуге де жатпайды. Біз өз жұмысымызды тоқтатқымыз келмейді, адамдардың жұмыс істеуіне мүмкіндік берсе дейміз. Тек біздің базардың өзінде екі мың кәсіпкер бар. Министрлік сонда оларды қайда жібермек? Қайдан орын тауып бермек?», - дейді «Кенжехан» базарының ресми өкілі Жасұлан Ахметов.

Егер жыл соңында модернизация жасалмаған базарларды жабу басталса, Алматының өзінде 31 мың адам жұмыссыз қалады.

Үкімет тарапынан Астана, Алматы және Шымкенттегі сауда нарықтарын аяқтау туралы жеке жоспар бар. Бұл қалалар үшін базарларды жаңғырту мерзімі 2023 жылдың 1 қаңтарында аяқталды. Қазақстанның басқа өңірлеріндегі барлық осындай сауда объектілері үшін «өркениетті саудаға көшу» ресми түрде тек 2025 жылдан басталады. Бүгінгі таңда Алматыда барлығы 26 базар түрлі себеппен жаңғыртудан өткен жоқ. Оның ішінде 15 базар «Жол картасына» кірді, олардың кейбіреуі үшін жаңғырту мерзімі 2025 жылдың желтоқсанының соңына дейін белгіленді. Соған қарамастан, вице-министр А. Шаққалиев парламенттік сағатта аталған мерзімге дейін жаңғырту процесін аяқтамайтын базарларды тарату уақытының жақындағанын жариялады. Заңгер Жамила Төленова вице-министрдің Алматының сауда нарықтарын тарату туралы мәлімдемесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 728 қаулысымен бекітілген 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобада айқындалған міндеттерге қайшы келеді,дейді. 

«Модернизация дауы көп іс болды. 19 маусымда Үкімет сағатында Сауда және интеграция вице-министрі Арман Шакқалиев модернизация туралы өз мәлімдемесін жасады. Парламент сағатында вице-министрдің жасаған мәлімдемесі кәсіпкерлер арасында наразылық тудырды. Оны вице-министр емес, креслоның буына мас болып отырған еркетотай шенеуніктің әрекеті деп бағалар едік. Креслосына мастану. Жағдайды жан-жақты бағамдаған адам бұлайша халыққа қарсы мәлімдеме жасамайды. Қалайша үш ірі мегаполисттегі мыңдаған кәсіпкердің тағдырын бір-ақ ауыз сөзбен шешуге болады? Вице-министрдің аузынан шыққан сөздің астарында не тұр? Неге ол өз қателігін мойындамай отыр? Сұрақ көп, жауап жоқ. Сұрақтың жауабын заң аясында іздеп көрдік. Вице-министр «кошмарит» деп халыққа қарата айтқан. Мұны алай түсінеміз? Базарды модернизациялау бойынша Жол картасын неге кәсіпкерлер білмейді? Базар -жабайы сауда емес, бизнестің жеке түрі.  

Модернизацияның мерзімі айқындалмаған. Министрліктегілердің бұл әрекеті Президенттің беделіне нұқсан келтіреді деген ойдамыз. Арман Шакқалиевтың вице-министр бола тұра осылай айтқаны қалай? Шенеуніктердің жағдайды бағамдамай айтқан сөзіне бола, біз, мыңдаған адам отырған орнымызды, кәсібімізді тастап қайда баруымыз керек? Қай жерден күнкөрісті іздеп, табыс табамыз? Мыңдаған кәсіпкерді қайда орналастырмақ? Осы сұрақтың бәріне жауапты алу үшін Үкіметтен және қазіргі депутаттық корпустан базарларда болып жатқан жайтты бақылауға алуын сұраймыз. Үкіметтен вице-министрдің мәлімдемесіне қатысты ресми түсініктеме талап етеміз. Модернизация туралы да түсініктеме берсе дейміз. Геосаяси ахуал мен экономикалық факторларды ескере отырып, базарларды жеделдете модернизациядан өткізу уақытын кейінге шегерсін. Әлі толықтай жаңаланып болмаған базарларды жоюға не мәжбүрлеп отыр?», - деді «Рахат» базарының заңгері Жамила Төленова. 

Қарсылық танытқандар кәсіпкерлік субъектілерінің адалдық презумпцияларын, ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 14-бабын негізге ала отырып, «Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу процесінде мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары тарапынан кәсіпкерлік субъектілерінің заңды қызметін жүзеге асыруға кедергілер жасалмауға тиіс» деген қағиданы ескермей отыр деп санайды. Сауда нарықтары бизнестің жеке саласы ретінде қарастырылуы керек, өйткені нарық кәсіпкерлері жұмыс орындарына, өз бизнесінің ашықтығы мен салық айналымына жауапкершілік жүктейді. Пандемия, әлемдік дағдарыс, қаңтар оқиғасы, тіпті Украинадағы әскери әрекеттер кәсіпкерлерді тек дамуда ғана емес, сонымен бірге өз бизнесін сақтауда да жаңа жолдар іздеуге мәжбүр етіп келеді.

Жыл соңына дейін базарларды модернизациядан өткізуге ешқандай кәсіпкер үлгермейді. Оның басты себебі, базарларды түгелдей жаңалау үшін меншікті инвестициялар жетіспейді. Мемлекеттік субсидияларды бөлу мәселесі бірнеше рет талқыланса да, субсидиялар Алматы, Астана және Шымкент сияқты үш мегаполистен басқа облыстарға бөлінді. Егер жаңартылмаған сауда нарықтарын жою науқаны басталса, бұл жұмыссыздықтың артуына, қиын уақытта өз бизнесін көтерген кәсіпкерлердің көпшілігінің бизнесін жоғалтуына әкеледі. Ал ең қауіптісі, базарда жаңа сауда ғимараттарын салуға инвестиция құйылмауы мүмкін. Жаңа ғимарат саламыз деп 4-5 миллион доллар құйған шағын және орта кәсіп иелері әлі күнге әділдікке қол жеткізе алмай келеді. Оның бір көрінісі, «Еуразия» базары сауда орталығының 50-ден астам кәсіпкері. Жаңа сауда нысанын жабылып салғанда, базардың құрылтайшысы ғимаратты бірнеше адамға сатып әрі кепілге қойып, Ресейге қашып кеткен.  

«Біз модернизация жасадық. 2014 жылдан бастап кәсіпкерлер ақша салғанбыз. Дәл қазір далада қалатын түріміз бар. Сонда сатушылардың құқығын кім қорғайды? Қай министрлік мүддемізді қорғайды? Алты айдан бері жан-жаққа хабарласып жатырмыз. Ешкім қозғалмайды. Кәсіпкерлер 4-5 миллион доллар ақша салған. Енді содан айырылып қалмақшы. Игорь Овсянников болса, Мәскеуде рахаттанып жүр ("Еуразия" базарының бұрынғы иесі). Оны алып келуге болар еді. Қаражат салып, инвестиция тартқанмен, ол сауда нысанының қожайыны өзгеріп, сенің далада қалмасыңа кепіл жоқ», – деді кәсіпкер Сәуле Абдуллина.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір жолдауында шағын және орта бизнесті қолдау туралы айтады, ал вице-министр Шакқалиев инфрақұрылымы салынған сауда нарықтарын таратылады деп мәлімдейді. Кәсіпкерлер мұндай асығыс әрі халыққа қарсы мәлімдемесі үшін ҚР Үкіметінен ресми түсініктеме сұраймыз деп тарқасты.

Серіктес жаңалықтары