Олардың ішінде 149 стипендиат магистратурада, 7 адам докторантурада білім алады
Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақордаға сілтеме жасап.
Комиссия шешімімен 182 қазақстандық азаматқа «Болашақ» стипендиясы берілді. Олардың ішінде 149 стипендиат магистратурада, 7 адам докторантурада білім алады, сондай-ақ 26 азамат әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен өндірістік орталықтарында тағылымдамадан өтеді.
Стипендиаттардың 62 пайызы жаратылыстану-техникалық бағытта, ал қалған 38 пайызы қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша білім алады.
Сонымен қатар аталған комиссия мүшелері ғалымдарға дүниежүзінің маңдайалды ғылыми орталықтарынан тағылымдамадан өту үшін берілетін гранттарды қарастырды. Комиссия шешімімен 328 қазақстандыққа грант берілді.
«Болашақ» стипендиясына құжаттар қабылдау биылғы жылдың қыркүйек айының ортасына дейін жалғасатынын айта кету керек. Ал ғылыми тағылымдамадан өту бағдарламасына конкурстық іріктеу 2023 жылдың қазан айының ортасына дейін жалғасады.
Жиын қорытындысы бойынша Мемлекеттік кеңесші бірқатар нақты тапсырма берді.