«Сөз бостандығы бойынша омбудсмен институтын құру қажет»: журналист депутаттарға ұсыныс жасады

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол шектеу бар жерде инновациялық идея жүзеге аспайтынын айтты

Фото: ulysmedia.kz

«Әділсөз» қоғамдық қорының өкілі Қарлығаш Жаманқұлова Мәжілісте «Масс-медиа туралы» заңның талқылануында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Цензураның үнсіздігі - бұл мемлекетіміздің іргетасын бұзудың ең жеңіл жолы. Бірақ ескі әдеттерге Жаңа Қазақстанда орын болмайды. Цензураны заңға ендірем деген ойдың авторы кім болса да, ол да мен сияқты осы сабақты үйренгеніне сенемін. Менің ойымша, ескірген әдістермен жаңа жүйені құру мүмкін емес. Бүгін осы заң жобасын маңызды қылатын барлық мүмкіндік бар. Журналистер үшін қауіпсіздік іс-шараларын ұсына аласыздар. Соңғы жылдары бұл өзекті мәселе екенін көрсетті. Қағаз бойынша емес, іс бойынша мығымдай аласыздар. Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев идеологиялық егемендігі туралы айтқан болатын», - деді Жаманқұлова.

Ол заң жобасын қалыптастыратын тетіктер бойынша сарапшылар ұсынуға дайын екенін айтты.

«Журналистердің қауіпсіздігі мен сөз бостандығына қатысты сөз бостандығы бойынша омбудсмен институтын құру қажет. Бұл орган ұлттық баяндаманы ұсынуы керек. «Құрғақ жерде шөп өспейді». Шектеу мен қысым көп жерде инновациялық идея дамымайды. Барлығымыз қазір алаңдап анонимдік телеграм каналдарының көбейгеніне алаңдаймыз. Журналистиканың деңгейі мен дәрежесі төмендеді деп күйзелеміз. Ал осы жағдайлардың барлығы БАҚ-қа қолданған шамадан тыс шектеулердің нәтижесінде болғанын мойындағымыз келмейді», - деді ол.

Еске салсақ, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасының призмасы арқылы медиа саласының даму тенденциялары туралы» тақырыбындағы дөңгелек үстелі өтті.