Қазақстанда «Еңбек адамы» жобасы қалай жүзеге асырылып жатыр?

Автор: Аманалиева Тоғжан

«Еңбек адамы» мәртебесін қалыптастыруда «AMANAT» партиясының өңірдегі филиалдары тұрақты түрде жұмыс істеуде

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Қазақстанда «Еңбек адамы» тұжырымдамасы қалыптасқалы бері көптеген жобалар іске асырылғаны анық. Осы орайда «AMANAT» партиясы да қарапайым еңбек адамының қызметі еленіп, оларға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетуге білек сыбана кіріскен. Жалпы республикада бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Еңбек адамы мәртебесі жеткілікті деңгейде бағаланып отыр ма?

«Еңбек адамы» мәртебесін нығайту жөніндегі кешенді жоспар

«Еңбек адамы» тұжырымдамасын қалыптастырып, қарапайым еңбек құндылығын дәріптеуде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне зор міндет жүктеліп отыр. Мәселен, қос ведомство еңбек құндылығы идеологиясын қалыптастыру мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірлеген. Оған сәйкес, қоғамда адал және жасампаз еңбек идеологиясын, кәсібилік дағдыларды ілгерілету, қоғамдағы еңбек адамының беделін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте министрлік республикалық және өңірлік деңгейде түсіндіру және ағарту жұмыстарын жүргізу жөніндегі іс-шараларды өткізіп жатыр. Бұған қоса, ведомство өкілдері 200-ден астам медиа-жоба жүргізуді қамтитын еңбек құндылықтарын ілгерілету жөніндегі медиастратегия әзірленгендігін айтады.

«Кешенді жоспарды іске асыру аясында ҮЕҰ, еңбек ардагерлерін, жастар ұйымдарын, сарапшыларды және басқа да ұйымдарды барынша тарту жоспарлануда», - дейді министрлік өкілдері.

Қазақстанда «Еңбек адамы» мәртебесі қалай қалыптастырылуда?

«Еңбек адамы» мәртебесін қалыптастырып, оның қоғам алдындағы беделін өсіру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек жолы» республикалық конкурсын өткізеді. Байқаудың басты мақсаты - еңбек адамдары туралы қоғамда оң пікір қалыптастырып, оларды адал және жоғары өнімді еңбекке ынталандыруға ықпал ету болып отыр.

Сонымен бірге, ол өңірлік және республикалық деңгейде үздік еңбек әулеттері мен өндіріс қызметкерлерін анықтауға бағытталған. Анықталғандай, байқау жеңімпаздары үш аталым бойынша бақ сынаспақ. Олар: «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас қызметкері». Ал байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі Еңбек күнін мерекелеуге арналған «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына» республикалық форумында марапатталған. Сондай-ақ аталған форумда еңбек ардагерлеріне «Еңбек ардагері» медалі табысталған.

«Мұндай ауқымды шаралар еңбек тұрғындардың ел экономикасын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтардың жетістіктерін дәріптеу, жастарға еңбекке құрметпен қарау, қарапайым еңбек адамының қызметін бағалауға жол ашады», - дейді құзырлы ведомство өкілдері.

«Еңбек адамы» мәртебесін қалыптастыруда «AMANAT» партиясының да атқарып отырған рөлі зор. Партияның өңірдегі филиалдары тұрақты түрде түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, түрлі еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп тұрады. Мұндай басқосуларда еңбек ұжымдары өздерінің мәселелерін айтып, халық қалаулыларына талап-міндеттерін жеткізіп жатады. Бастысы аталған талаптар еске алынып, басым көпшілігінде өз шешімін тауып жатады.