Енді жаңадан тариф бекітілмек
Алматыда суық судың бағасы көтеріледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Алматы Су» МКК тәулігіне 1379 мың текше метр жерасты және жер үсті су көздерін және 3,9 мың км астам су құбыры желілерін пайдаланатын елдегі ең ірі сумен жабдықтау кәсіпорны саналады.
Бүгінгі таңда қалаға жеткізілетін судың 70%-ы – тереңдігі 150-ден 500 метрге дейінгі 386 артезиан ұңғымасынан алынатын жерасты сулары. Одан бөлек, Үлкен және Кіші Алматы, Ақсай және Қарағайлы өзендерінен де су алынады.
«Тау суы күрделі тазалаудан өтеді. Су тұндырылып, сүзудің бірнеше сатысынан өтіп, одан әрі натрий гипохлоритімен, яғни қарапайым тұзбен зарарсыздандырылады. Соның нәтижесінде, қауіпсіз ауыз суға қол жеткіземіз. Тәулігіне қалаға орта есеппен 700 мың м3 су беріледі, жазда көлемі 750-780 мың м3 дейін артады.
Алматы қаласы бойынша ауыз су сапасы барлық санитарлық ережерлерге сәйкес келеді. Химиялық тұрғыдан алсақ ауыз су құрамы адам ағзасына қажетті микроэлементтерге толы. Су құрамында ауыр металдар, фенолдар және мұнай өнімдері мүлдем жоқ. Бактериологиялық және химиялық көрсеткіштер бойынша да қауіпсіз. Химиялық құрамы ондаған жылдар бойы өзгеріссіз қолданыла береді», - деп түсіндірді мекеменің баспасөз қызметі.
Кәсіпорын барлығы 3607 км су құбыры және 1926 км кәріз желілеріне, 115 мыңнан астам су құбыры және кәріз құдықтары мен камераларына, 109 таза су резервуарына қызмет көрсетеді. Одан бөлек, 251 сумен жабдықтау станцияларына және 29 кәріз сорғы станцияларына, 8 мыңнан астам өрт гидранттарына және 32 мыңнан астам бекіткіш арматураларға да жауапты. Осының бәрі қомақты қаржыны талап етеді.
«Биылғы жылға арналған инвестициялық бағдарлама сумен жабдықтау бойынша 2,6 млрд теңгені (ҚҚС-сыз), су бұру бойынша 584 млн теңгені құрайды.
Наурызбай ауданы бойынша, тұрғындар Ақсай және Қарғалы өзендерінен сумен қамтамасыз етіледі. Бұл ауданды қамтамасыз ететін сүзгі станциясы ескі болғандықтан, судың лайлануы басым болғанда уақытша шектеулер қойылады. Бұл мәселені шешу мақсатында қазіргі кезде жаңа сүзгі станциясының құрылысы жалғасуда. Нысан 2023 жылдың соңына дейін іске қосылады. Сонымен қатар Ақсай өзеніндегі жаңа сүзгі станциясының құрылысы 2025 жылы іске қосылады. Ақжар шағынауданын сумен жабдықтау үшін ағымдағы жылдың 3-тоқсанында жаңа су құбыры іске қосылады», - деді «Алматы Су» МКК баспасөз қызметі.
Судың тапшылығы Алматының Медеу ауданында да кездеседі. Халық саны мен жаңадан салынған тұрғын үйлердің көбеюінен су қысымы төмен. Жауаптылар амалсыз суық суды кезекпен өшіруге мәжбүр.
Алматы қаласындағы тозығы жеткен желілер мен жабдықтарды азайту басты, әрі күрделі мәселеге айналды.
Қаладағы су құбыры желілерінің 54,2 пайызы ескірген.
1943 шақырым су құбыры желілерін ауыстыру қажет. Кәріз желілерінің тозу деңгейі 56,6 пайызды құрайды, яғни 1000 шақырымнан астам желі қайта жаңарту жұмыстарын қажет етеді.
«Тозу қарқынын төмендету үшін жыл сайын кем дегенде 104 шақырым сумен жабдықтау желілерін және 73 шақырым су бұру желілерін жаңартып отыру қажет. Ал қолданыстағы инвестициялық бағдарлама жылына тек 20-25 шақырым құбырларды жаңартуға мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның жөндеу жұмыстарына арналған қоры толығымен суға және кәріз қызметтеріне белгіленген тарифтер деңгейіне қарай қалыптасады. Ал Алматы қаласындағы сумен жабдықтау және су бұруға бекітілген тарифтер еліміздегі ең төменгі баға саналады. Тұтынушылар үшін 1 текше метр судың құны 48 теңге. Соңғы рет Алматыда су және кәріз қызметтерінің тарифтері 2014 жылы көтерілген, ол кезде судың 1 текше метріне 55 теңге мөлшеріндегі тариф деңгейі белгіленген, 9 жыл ішінде судың тариф деңгейі тек төмендетіліп келген», - деп хабарлады мекеменің баспасөз қызметі.
Қазір жаңадан тариф бекітілмек.
Мекеме тарифтерді инвестицияларға айырбастау» қағидаты бойынша тарифтерді енгізеді. Ол инженерлік желілерге қызмет көрсету және ауыстыру үшін көбірек қаражат жинақтауға және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Әрі мамандардың жалақыларын кезең-кезеңімен арттыру жоспарланған.