Полиция осы қылмысты жасады деген күдікпен 14 адамды ұстады
Павлодар облысында жедел уәкілдер феррохром ұрлаумен айналысқан 14 адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы ферроқорытпаларды өндіру және жеткізумен айналысатын ірі кәсіпорындардың бірінің жанында жұмыс істеген.
«Ақсу ферроқорытпалар зауытының аумағынан феррохром өнімдерін ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың жұмысы тоқтатылды. Кәсіпорынға келтірілген залал 150 млн теңгеден асады. Қылмыстық топ құрамында зауыттың бұрынғы және қазіргі жұмысшылары бар. Қылмыстық іс бойынша 10-нан астам тінту жүргізілді», - дейді Павлодар облысы ПД ҰҚҚКБ бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Полицияның айтуынша, маңызды заттай дәлелдемелер, қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатқа сатып алынған мүлік, қымбат көліктер және басқа да құнды заттар тәркіленді. Полиция осы қылмысты жасады деген күдікпен 14 адамды ұстады.
Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Негізгі күдіктілер, ұйымдастырушы және қылмыстық топтың белсенді қатысушылары уақытша ұстау изоляторына қамалды.