Былтыр құмар ойындарға әуес болған 11 әскери қызметші жұмыстан қуылды

Автор: Azattyq Rýhy

Жұмыстан қуылған әскери қызметшілердің лауазымы әртүрлі

Фото ашық дереккөзден

Өткен жылы әртүрлі лауазымдағы 11 әскери қызметші жұмыстан қуылды. Олар құмар ойындарға әуес болған. Бұл туралы Қорғаныс вице-министрі Сұлтан Қамалетдинов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қазақпаратқа сілтеме жасап.

«Құмар ойын – ауру, оны емдеу керек. Заңда ол үшін жауапкершілік қарастырылған. Бірақ, бізде әскери қызметкерлердің құмар ойынға әуестігін тексеру құқығы жоқ. Бізге деректерді Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі береді. Біз оны қарастырып, әскери қызметші болса жұмыстан шығарылады», - деді Сұлтан Қамалетдинов Мәжіліс қабырғасында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Министр орынбасарының мәліметінше, құмар ойынға әуестенгені үшін жұмыстан қуылған әскери қызметшілердің лауазымы әртүрлі.

«Өткен жылдың нәтижесі бойынша 11 әскери қызметші жұмыстан шығарылды. Бізде жұмыстан босату бойынша жалпы әскери жарғы бар. Кез келген іс соның аясында қаралады және оның нақты мерзімі бар. Мысалы, әскери қызметші құмар ойынмен өткен жылы әуестенді, бірақ ол туралы биыл ғана анықталса, онда біз қызметшіні жұмыстан шығара алмаймыз. Себебі, іс жарты жыл ішінде анықталып, дәлелденуі тиіс», - дейді ол.