«Министрліктің бақылауында»: Ғани Бейсембаев Абай облысындағы балалардың қауіпсіздігі жайлы
Оларға министрлік тарапынан барынша қолдау көрсетіледі

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Абай облысында эвакуацияланған және қамқоршысынан айырылған балаларға қандай көмек көрсетілетінін айтты , деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Абай облысында болған алапат өрт салдарынан қаза болған орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына, жақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Бұл барша қазақстандықтар үшін аса ауыр қайғы.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік бірқатар шаралар қабылдауда. Оқиға орын алған аймақта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында күш жұмылдырылуда. Осы күндері министрліктің аумақтық департаментінің, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің және облыстық білім басқармасының өкілдері балалармен жұмыстар жүргізуде», - деді министр.
Бейсембаев атағандай, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасына асыраушысынан айырылған отбасылармен жеке кездесіп, балалардың психологиялық кеңес алуына, жазғы сауықтыру лагерлерінде демалуына барлық жағдайларды ұйымдастыру тапсырылды.
«Қауіпсіз аймаққа эвакуацияланған тұрғындардың арасында 64 бала бар. Бүгінде олар отбасыларымен бірге Семей қаласындағы екі колледж ғимаратына орналастырылған. Сондай-ақ эвакуацияланған 9,11-сынып түлектерінің қорытынды емтиханды кедергісіз тапсыруы үшін барлық жағдай жасалуда — мектеп бітіру емтихандары Семей қаласында ұйымдастырылады», - деді ол.
Министр апат салдарынан асыраушысынан айырылған отбасы балалары жаңа оқу жылында білім алуын еш кедергісіз жалғастыруы үшін мектеп формасымен, қажетті оқу құралдарымен және ыстық тамақпен қамтылатынын айтты.
«Балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету министрліктің үнемі бақылауында», - деді ол.