Семейдегі алапат өрттің неден тұтанғаны белгілі болды
Тілсіз жаумен күрес әлі де жалғасуда
2023 жылы 8 маусымда «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының территориясындағы Батпаев орман шаруашылығы аумағында өрт тұтанған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Өрт қатты желдің салдарынан тез тарап, үлкен аумаққа ұласқан. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше өрттің алдын ала себебі - жайдың түсуі.
«Өртті жою мақсатында жедел штаб ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта орманшылықтың үш қызметкерінің денесі табылды, ал 11 адаммен байланыс жоқ. Оларды іздеу бойынша іс-шаралар жүргізілуде», делінген хабарламада.
Тілсіз жауды ауыздықтауға 662 адам, 177 бірлік техника және 6 тікұшақ жұмылдырылды. Авиациялық техникамен 80 рет, жалпы көлемі 192 тонна су төгілді.
Өрттің жалпы ауданы шамамен 30 мың гектарды құрайды.