Италия жағалауында заңсыз мигранттар күрт көбейді

Автор: Azattyq Rýhy

Ақпарат бойынша, мигранттар Ливиядан шыққан

Фото: krqe.com

Сәрсенбі күні Италияның жағалау күзеті апта басталғалы Ион теңізінде апатқа ұшыраған қайықтардағы мыңдаған мигрант пен босқынды аман алып қалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Жергілікті БАҚ ақпараты бойынша, күн райы жақсарғаннан кейін Италияның теңіздегі шекарасын заңсыз кесіп өтуге тырысқан мигранттар көбейген.

Сейсенбі кешке Италияның жағалау күзеті мен қаржы полициясының қайықтары балық аулауға арналған шағын кеме бортындағы 130-ға жуық Пәкістан азаматын құтқарды.

Олар Калабрия провинциясындағы Кротоне қаласынан 117 теңіз миліне тең қашықтықта апатқа ұшыраған.

Ақпарат бойынша, мигранттар Ливиядан шыққан.

Бұл жағдай жағалау күзетінің патрульдік катері сейсенбі күні Ирак, Иран мен Ауғанстаннан шығып, Кротоне жағалауында апатқа ұшыраған 46 адамды құтқарғаннан кейін болып отыр.

Оның ішінде екі бала болған, оларға шұғыл медициналық көмек қажет болды. Қазіргі уақытта екі топ та Кротоне қаласына түсірілді.

Бұған дейін дүйсенбі кешке Италия жағалау күзетінің екі патруль катері Frontex кемесінің (еуропалық агенттік) көмегімен балық аулауға арналған кемеден 590-ға жуық адамды аман алып қалды.

Құтқарылған адамдар жағалау күзетінің Diciotti кемесіне ауыстырылып, ары қарай Frontex әскери-теңіз бөлімшесінің қолдауымен осы ауданда қалған, балық аулауға арналған басқа кемедегі 650 адамды құтқаруға аттанды.

Кеше, сәрсенбі күні Сицилияның Мессина портына 200 адам, Реджо-ди-Калабрияға 500 адам түсірілді.