«Әнші болғаннан кейін сендік»: Бір топ тұрғын Сиви Махмуди мен оның көмекшілеріне алданған

Автор: Azattyq Rýhy

Олар темір тұлпар тақымдаймыз деп жүріп, тақырға отырған

Фото: nur.kz

Бір топ тұрғын танымал әнші Сиви Махмуди мен оның көмекшілеріне алдандық деп шағым айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Барлығы «Дубайдан пайыз үстемесіз бір ай ішінде көлік әпереміз» деген жарнамаға сеніп қалған. Енді не көлік, не ақша жоқ.
Айтуларынша, алданғандардың алды 18 миллион теңгені әншінің шотына аударған.Қызылордалық ағайынды жігіттер осыдан үш ай бұрын әлеужеліден Дубайдан пайыздық үстемесіз көлік тасымалдайтын жігіттердің аккаунтын көзі шалады. Сұрастыра келе, төңірегіндегі таныстарының су жаңа көлікті осы адамдар арқылы тақымдағанын білген. Ортадағы делдал жігіт оған қоса өзін танымал әнші «Сиви Махмудидің көмекшісімін, әрі продюсерімін» деп таныстырыпты.

«Сиви Махмуди әнші болғаннан кейін сеніп қалдық. Сосын ойланбай ақша лақтыра салдық. Әнші ғой, беретін шығар деп ойладық. Ұзағы 21 күнде, бір айда береді деген еді, соңы лақтырып кетті», дейді Сырымбет Жораев.

Маңдай тері, адал еңбегімен он жылдан бері тірнектеп жинаған ақшасын еш ойланбастан Сиви Махмудидің шотына аудардық дейді. Бес жарым миллион теңге шотқа түскен соң, өзін әншінің көмекшісімін деп таныстырған Абай Малахов та ұшты-күйлі жоғалған. Енді не көлік, не ақша жоқ. Жер сипап қалған жігіттер делсал күйде.

«Көлікті аламын деп алданып, жұбайыммен ажырасайын деп жатырмын. Атаанам да қатты уайымдап отыр. «Не қылдың, балам?» деп сұрайды», дейді Жұмағали Елемес.

Осылай алданғандар саны қазір қырыққа жуықтаған. Мәселенің мән-жайын білу үшін әншінің өзіне хабарластық. Сөйтсек, Сиви Махмуди бұл көмекшімен ат құйрығын кескеніме біраз болды деп отыр. Қазір әнші экс-көмекшісінің үстінен арыз жазып, соттасуға дайындалып жатыр.  

«Сіздің атыңызды пайдаланып жүр, ақша қарыз» деп, бір емес, екіүш адам хабарласты. Мен таң қалдым, Абайға хабарластым, ол мойындамай қойды. «Жоқ, мен олай істеген жоқпын, ондайды білмеймін» деді. Оған дейін менің карточкамды сұраған. «Карточкаларым бұғатталып қалған еді, бере тұрасыз ба?» деп сұраған» дейді әншінің өзі.

«Карточкам бұғатталып қалды» деп, Сивидің сеніміне кіріп алған Абай Малаховтың нақты қанша адамнан ақша алғаны белгісіз. Белгілісі, ол қазір Дубайда сауық-сайран құрып, инстаграмда әдемі фотоларын жүктеуден қолы тимей жүр. Соңғы тиынын беріп, күн емес, талай ай бойы безгек қағып жүрген жұртқа: «өзім де алданып қалдым» дейді.

«Мен осы телефонды ұстап жүргеніме 15 жыл болды. Телефоным қосылып тұр. Барлығымен байланыста отырмын. Мен қашып жүрген жоқпын. Инстаграмдағы парақшамды ашып қарасаңыз болады. Менде бәрін тіркеп, жазып алып отырған командам бар. Мен өзім де сондай жағдайға түсіп отырмын. Мені мына жақта бір миллион долларға алдап кетіп отыр дейді», Сивидің бұрынғы көмекшісі Абай Малахов.

Ал заңгерлер шет елден қандай да бір мүлік аларда, ортадағы делдалды мұқият зерттеп алған жөн дейді. Себебі: еш келісімшартсыз, ауызша уәденің ешбір заңдық күші жоқ.