Оларға қатысты тәртіптік жаза қолданылған
Әлеуметтік желіде Семейдегі дарынды балаларға арналған Ш. Уәлиханов атындағы «Жас-Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернаты» КММ тәрбиеленушілері мен офицер арасындағы болған жағдай тарап кеткен. Осыған қатысты облыстық білім басқармасы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«3 ақпанда әлеуметтік желілердің мониторингі барысында 111-взвод ұланына 91-взвод ұланы соққы берген бейнежазба табылды. Сондай-ақ, офицер 71-взвод ұланын белбеуімен ұрған бейнежазба табылды. Жоғарыда аталған фактілер 2022 жылдың қазан айында болды», - деп хабарлады Абай облысының білім басқармасы.
Қызметтік тергеу барысында бұл фактілер расталды және кінәлі адамдарға қатысты тәртіптік жаза қолданылған.
« 111-взводтың тәрбиеленушісі 2023 жылдың 6 ақпанында оқудан шығарылды, офицер 2023 жылдың 8 ақпанында қызметінен босатылды.Ұландар арасындағы қарым-қатынас, жанжалды жағдайлар мен педагогтердің іс-әрекеттері Семей қаласының "Жас Ұлан" лицейі мен Абай облысы білім басқармасының басшылығының тұрақты бақылауында», - деп хабарлады басқарма.