$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ешқандай зияны жоқ ұлттық аспап»: Зайытов домбыраны ұшаққа кіргізу мәселесін көтерді

Бұған дейін айтыскер ақын Айшолпан Тілеутай домбырасын ұшаққа кіргізбей қойғанын айтқан болатын

«Ешқандай зияны жоқ ұлттық аспап»: Зайытов домбыраны ұшаққа кіргізу мәселесін көтерді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Домбыра - ешқандай зияны жоқ ұлттық аспап. Оны әуежайға ұшаққа кіргізу мәселесін шешу керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Депутат Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сұрақ қойды.

«Құрметті Азамат Өмірзақұлы, өзіңіз де әлеуметтік желіден көріп жатқан шығарсыз. Біріншіден, қазір әуе компанияларында қазақтық ұлттық аспаптарына қарсы, әдейі бір жоспар құрып жатқан сияқты. Домбыраның ішінде бір де бір металл жоқ. Оның құрамында қойдың ішегі мен қарағайдың ағашынан басқа ештеңе жоқ. Ол ешқандай зияны жоқ ұлттық аспап. Екіншіден, «Нағыз қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп ақын Қадыр мырза Әли айтпақшы, бұл – мемлекетіміздің айнасы.

Әуе компанияларына дұғай-дұғай сәлем айтыңыз. Кімдікі, қалай болса да, мәселені шешіп беріңіздер. Қазақтың ұлттық 4-5 аспабы бар. Оларды ұшаққа кіргізуге рұқсат беріңіздер»,- деді ол.

Депутат егер бұл мәселе шешіліп, рұқсат берілмесе, мың домбырашы Адай күйін ойнайтынын айтты.

«Егер рұқсат берілмесе, қолдарыңыздан келмесе, онда Астана мен Алматы әуежайына жоқ дегенде мың домбырашыны қойып, Адай күйін орындап, жалынып сұрайық»,- деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін жас айтыскер ақын Айшолпан Тілеутай Fly Arystan бортсеріктері ұлттық аспапты ұшаққа кіргізбей қойғанын айтқан болатын. Ақын бортсеріктердің талабына көнбей, сонда да домбырамен ұшаққа отырған.

Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде үлкен пікірталас тудырды. Оқиға туралы әуе компаниясы түсініктеме берді. Ережеге сәйкес, музыкалық аспапқа бөлек орын сатып алынатынын, алайда ақын тарапынан ол талаптың орындалмағанын мәлімдеді.  

Серіктес жаңалықтары