Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктері мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау деңгейін арттыруы қажет екенін айтты
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Атамекен» ҰКП қолдауымен орта бизнес өкілдерімен кезекті кездесу өткізді. 1 маусымда өткен шараға Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының кәсіпкерлері қатысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет басшысы соңғы үш жылда осы облыстарда 59 мыңнан астам бизнес жобасы мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылғанын атап өтті.
«Атап айтқанда, 1,5 трлн теңгеге 28 мың жобаның сыйақы мөлшерлемесі субсидияланды. Оның ішінде орта бизнестің жалпы сомасы 406 млрд теңге болатын 2,5 мыңнан астам жобасы қолдау тапты. Сонымен қатар 12 мың субъектіге 487 млрд теңгеге жеңілдікпен қаржыландыру ұсынылды, оның ішінде 102 млрд теңгеге 167 орта бизнес өкілдерінің жобалары қаржыландырылды», - делінген хабарламада.
Кездесу барысында кәсіпкерлер балық саласын дамытудың, атап айтқанда, жабдықтарды жаңарту, инфрақұрылымды жаңғырту, озық стандарттар енгізу және өнім экспорты, мұнай-газ машина жасау саласындағы импортты алмастыру, мұнай сервисін қолдау, батыс өңірлердің көлік-логистикалық мүмкіндіктерін кеңейту, салық салу және басқа да бірқатар өзекті мәселені көтерді.
«Премьер-Министр бүгінгі таңда Қазақстандағы инвесторлар үшін мемлекеттен қолдау мен преференциялар алудың бірқатар тетігі жұмыс істейтінін атап өтті. Атап айтқанда, мұндай жеңілдіктер арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларына және инвестициялар туралы келісім аясында көзделген.Барлық көтерілген мәселе бойынша орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, облыс әкімдіктерінің басшылары жауап беріп, проблемалық мәселелерді бақылауға алды», - делінген хабарлама.
Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктері инфрақұрылым жүргізу, жер учаскелерін бөлу және олардың құзыретіне кіретін басқа да мәселелер бойынша көрсетілетін қолдау деңгейін арттыруы қажет екенін айтты. Өңірлік даму институттары да орта бизнеспен ынтымақтастықты кеңейтуі керек.
«Әр әкімдік алаңында кәсіпкерлердің мәселелерін шешу бойынша жүйелі кездесулер өткізу қажет. Бизнес мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде қолдауды сезінуі керек», — деді Әлихан Смайылов.