Қарағандылық фермерлер мал азығына берілетін субсидияға қол жеткізе алмай отыр

Автор: Azattyq Rýhy

Ертең шағын және орта шаруа қожалық иелеріне мал азығын дайындауға бөлінетін субсидияға онлайн тапсырыс ашылады

Фото ашық дереккөзден

«Тура автонесие сияқты». Қарағандылық фермерлер мал азығына берілетін субсидияға қол жеткізе алмай отыр. Шағын және орта шаруа қожалық иелері дабыл қағуда. Олар күні ертең ашылатын онлайн тапсырыс беру жүйесіне де, жалпы субсидия көлеміне де наразы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

Ертең шағын және орта шаруа қожалық иелеріне мал азығын дайындауға бөлінетін субсидияға онлайн тапсырыс ашылады. Бірнеше минутта немесе тіпті бірнеше секундта 400 млн теңгені 6 мыңнан астам фермер бөліспек. Көптеген ауылда интернет нашар.Сондықтан кімге қанша тиеді? Оны ғаламтордың жылдамдығы шешеді.

Ауыл кәсіпкерлері қала, аудан орталықтарына барып арнайы мамандардың көмегіне жүгінеді. Хакер іздегендер де бар. Олар сондай-ақ, субсидия көлемінің аздығына наразы. Қарағанды облысында төрт түліктің ішінде тек сиырдың азығына субсидия беріледі. Оның өзінде тапсырысқа 2 жүз ірі қарасы барлар ғана қатыса алады.

Мал азығына субсидияны жергілікті әкімдік облыс бюджетінен бөледі. Ауылшаруашылығы басқармасының мәліметінш, бұл сома қазынадағы қаржының көлеміне байланысты. Биыл жем- шөп дайындауға ертең берілетін 400 млн теңгеден басқа тағы сонша сомма тамыз айында бөлінеді дейді.

 «400 млн қарастырылып отыр. Ертең маусым айының бірінен бастап субсидия төленеді толық. Осы қарастырылып отырған қаражат 200 бас ірі қара ұстап отырған шаруашылықтардың барлығына жетеді. Бізде қолда бар малдың сосын оның өсімін жоспарлап есептеліп отыр», - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.

Былтыр шаруалар қуаңшылықтан әрең шыққан болатын. Өңірде мал азығы қымбаттады. Биліктегілер мәселені қуаң жерлерді игеру, көп жылдық шөп егумен шешуді қолға алды. Алайда жайылым тапшылығы тағы бар. Сондықтан фермерлер субсидияны көбейту арқылы ғана шеше алатындарын айтады.