Солтүстік Аралдың мәселесін шешпесе, 3000-ға жуық балықшы нәпақасыз қалуы мүмкін – депутат

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Арал теңізі соңғы 12 жыл ішінде 8,5 млрд текше метрге азайып, үштен бірінен айырылған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Арал теңізінің экологиялық мәселесін шешу үшін, әрине, әлі талай зерттеу, талай талқылау мен жан-жақты жұмыс керек. Бұл ретте депутат Мархабат Жайымбетов теңіз төңірегіндегі тағы бір өзекті мәселенің бірі – судың тұздылық деңгейі мен халықаралық келісімдерге сай теңізге құйылуы керек сулардың мәселесін көтерді. Жайымбетовтің пікірінше, қазір Аралдың солтүстік жағындағы экологиялық жағдай қатты ушығып тұр.

СОЛТҮСТІК АРАЛДЫҢ ЖАҒДАЙЫ: 3000 БАЛЫҚШЫ НӘПАҚАСЫЗ ҚАЛА МА?

«Қазір Солтүстік Арал теңізінің тартылуы өңір халқын қатты алаңдатып отыр. Соңғы 12 жылда теңіздің суы үштен бірге азайып, сол құрғаған жерден шыққан тұз бүкіл Орталық Азия елдеріне зиянын тигізетін экологиялық апатқа айналды. Бұрын судағы тұз мөлшері литріне 8 грамм еді, қазір ол 13 грамға жетті. Ал егер судың тұздылығы литріне 15 грамға жетсе, балықтар жаппай қырыла бастайды. Оның үстіне, теңізге Сырдария өзені арқылы құятын су көлемі күрт азайып, Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйесі мен Кіші Арал теңізі жағалаудан 1,5 км тартылып кеткен», - дейді Аралдың экологиялық проблемасын қозғаған депутат.

Жайымбетовтың айтуынша, бұл проблеманы шешпесе теңізді бойлай қоныс теуіп, отбасын асырап отырған балықшылар жұмыссыз қалады.

«Егер теңіз осылай тартылса, 3000- ға жуық балықшы күнделікті нәпақасынан айырылып, 9 балық өңдеу зауыты және 14 шағын цех уақытша тоқтап қалу қаупі бар», - дейді Жайымбетов.

«ТУҒАН ЖЕРІМ МЕН АТА-БАБА КӘСІБІН ТАСТАУҒА МӘЖБҮР БОЛАМЫЗ»

Сол балықшылардың бірі – Бақытбол Мақсат. Әкесімен еріп, бала кезден балық аулап өскен ол қазір үлкен отбасының иесі. Заман талабына сай балаларын оқытып, терең білім бергісі келеді.

«Алты балам бар. Талай жылдан бері әкемнің ізін қуып, Аралдың балығын кәсіп еттім. Бірақ, теңіздің тартылып жатқанына талай жыл, балық азайып, жалпы, теңіз жағасындағы әлеуметтік жағдай қиындады. Теңіз тартылған сайын балықтар қырылып жатыр. Бұлай жалғаса берсе мен әрине, отбасымды асырау үшін ата-бабамның кәсібі мен туған жерімді тастап, басқа өңірден жұмыс іздеймін. Өйткені, алды мектеп аяқтайын деп отырған алты баламды ел қатарлы оқытып, толықтай қамтамасыз еткім келеді», - дейді Бақытбол Мақсат.

Ал депутат МархабатЖайымбетовтің пікірінше, Аралдың солтүстігіндегі судың осылай азаюына әкеп соқтырып отырған тағы бір фактор – трансшекаралық су қорлары.

«Сырдария өзені бойындағы мемлекеттердің трансшекаралық су қорларының проблемасына селсоқ қарауы мәселені күрделендіріп тұр. Себебі, халықаралық келісімдер бойынша теңізге жыл сайын кемінде 3 млрд текше метр су түсуі қажет. Аралдың экологиялық мәселесі өткен ғасырда-ақ әлем назарын бұрғызып, оны қорғау, қалпына келтіру мәселесі бойынша халықаралық және республикалық деңгейде сандаған жиындар өтсе де, айтылған сөз айтылған жерде қалып, өткізілген конференция, форумдардан оңды нәтиже болмай отыр», - дейді Жайымбетов.

Бұл мәселені шешу үшін Мәжілістегі бір топ депутат үкіметке бірнеше ұсыныс дайындаған.

«Ең алдымен Өзбекстан, Қырғыстан, Тәжікстан мемлекеттерімен вегетациялық кезеңде теңізге бөлек су лимитін белгілеу жөнінде және Фархад су торабынан төменге санитарлық су жіберу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастықты ұзақ жылдарға жоспарлау еліміз үшін тиімдірек болары сөзсіз. Екінші. Мемлекетаралық келісімді «кепілдендірілген келісім» статусын беруіміз қажет. Себебі, Арал теңізіне бөлінген лимиттің сақталуын және орындалуын бақылап отырған ешқандай орган жоқ деуге де болады. Үшінші. «Қараөзек» арнасының бойындағы көлдер жүйесінде 1 млрд текше метрге жуық қысқы-көктемгі тасқын суды жинақтау мүмкіндігі бар. Ол үшін Қараөзек арнасының бойындағы 3 су тоспаны қалпына келтіру маңызды», - деп сөзін түйіндеді Жайымбетов.