«103 мыңы жер аударылды, оның 25 мыңнан астамы атылды»: саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия
Биыл Қазақстандағы 1929-31 жылдардағы көтеріліс туралы жинақ жарыққа шықпақ
Сталиндік қуғын-сүргін кезінде жер аударылған қазақтардың саны 103 мыңнан асып кеткен. Жаламен жазықсыз атылып кеткен алаштықтардың саны 25 мыңнан асқаны белгілі. Ал «банды» деген айыппен сұраусыз, сотсыз атылған азаматтарымыздың саны белгісіз және олар ақталған да жоқ. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты репрессия құрбандарын ақтау бойынша жасалып жатқан жұмыстар жайында пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қазір ел көлемінде Қазақстандағы тарихи әділеттілікті қалпына келтіру және саяси қуғын-сүргінді объективті зерттеу жайында жұмыс жүргізіліп жатыр.
«XX ғасыр қазақ халқы үшін қиын қыстау кезеңдерге толы болды. Бүгінгі таңда тарихшылардың есептеуінше, саяси жер аударылғандардың саны 103 мыңнан асты, оның 25 мыңнан астамы атылып кеткен», - деді тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлжазира Әбікенова.
2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған. Ол комиссия Алматыда құрылды. Оның құрамына тарихшылар, саясаттанушылар және тағы басқа да білікті мамандар кірген. Спикердің сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар тәуелсіздік алған жылдары-ақ қолға алынған. 1993 жылы 14 сәуірде саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыру туралы арнайы шешім қабылданды. Сол кездің өзінде-ақ қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстары мен жақындары айыпталғандарды ақтауды сұраған.
«Алматы қаласында бірнеше мұрағат бар. Олар – Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві, Қазақстан Республикасы Президентінің архиві және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы мемлекеттік архиві. Жоғарыда айтылғандай, 1993 жылдың 14 сәуіріндегі шешімнен кейін бұл архивтерде арнайы комиссия жұмыс істеді. Көптеген азаматтардың толық растайтын құжаттары болғанымен, сол кездегі техникалық базаның қолжетімсіздігінен сол кездегі көп азаматтардың сауалына қанағаттанарлық жауап толық берілмеді деп есептейміз. Мысалы, Алмалыбақ ауылында орналасқан Алматы облыстық архивінде 408 арнайы қор бар. Сол қорға ХХ партия съезінен кейін, яғни Сталиннің жеке басын айыптаудан кейінгі кезеңде көптеген адамдар туыстарын ақтау туралы арыз жазған», - деді тарих ғылымдарының кандидаты.
Комиссия жұмысы аясында Алматы қаласындағы ғылыми-зерттеу тобының өкілдері 10-15 жылға өлім жазасына кесілген немесе түрлі лагерьлерге сотталған азаматтардың ұрпақтарын іздестіру мақсатында арнайы жұмыс жүргізіп жатыр. Комиссия жұмысы барысында жеке тұлғалар анықталып, мемориалдық тақталар орнату немесе олар тұрған көшелерге атау беру сияқты шаралар қарастырылады.
«Қуғын-сүргінге ұшырағандардың шетелде жүрген ұрпақтарымен де байланыс орнатылып, арнайы кездесулер ұйымдастырылады. Сонымен қатар биылғы жылы комиссия Қазақстандағы 1929-31 жылдардағы көтеріліс туралы жинақ шығаруды жоспарлап отыр», - деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры.