31 мамырда митинг болмайды: Алматы прокуратурасы тұрғындарға ескерту жасады

Автор: Azattyq Rýhy

Желіде атқарушы органмен келісілген шеру өтетіні туралы жалған хабарлама тарап жатыр

Фото ашық дереккөзден

Алматы прокуратурасы 31 мамырда бейбіт шеру өткізуге рұқсат берілмегенін, қала тұрғындарына ондай жиындарға қатыспау керек екенін ескертті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.   

«Әлеуметтік желілерде 31 мамырда жергілікті атқарушы органдармен келісілген митингілер мен шерулерге қатысу туралы жалған хабарламалар мен арандатушылық үндеулер кеңінен таралып жатыр. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз. Бұл күндері Алматы қаласында қандай да бір бейбіт жиналыстар өткіз келісілмеді.

Осыған байланысты, жалған хабарлама бойынша жарияланған акцияларды ұйымдастыру және оларға қатысу, сондай-ақ оларға шақыру заңсыз болатынын ескертеміз», - деп атап өтті құзырлы орган өкілдері.

Прокуратура өкілдері заң талаптарын бұза отырып өткізілетін митингтерді, шерулерді, жиналыстарды немесе демонстрацияларды ұйымдастыру және оларға қатысу (Заңның 3 - бабының 3-тармағы) Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 488-бабы бойынша жауаптылыққа, оның ішінде 25 тәулікке дейін қамаққа алу шарасына әкеп соғатынын ескертті.

«Заңдылықты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа берілмеуге және заңсыз акцияларды, оларға жария түрде шақыруларды ұйымдастырудан және оларға қатысудан бас тартуға шақырамыз.

Құқық қорғау органдары белгіленген құқықтық тәртіпке қол сұғатын кез келген құқықбұзушылықтардың жолын кесіп, кінәлі адамдарға заңда көзделген барлық шараларды қабылдайтын болады», - делінген ведомство хабарламасында.

Айта кетсек, 31 мамырда Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні атап өтіледі.