Ал облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысына қатаң сөгіс жарияланды
Бүгін Қызылордада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте азық-түлік ысырабына жол берген корпорацияның жұмысына тиісті баға берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін әлеуметтік желіде қоқыс полигонына төгілген жарамсыз көкөніс қалдықтары туралы бейнежазба тараған болатын.
Аймақ басшысы бұл корпорация басшысының қателігі екенін, ысыраптың алдын алуға болатынын айтты.
«Самат Нұрахметұлы, шынында, бұл әрекет тұрғындардың ашу-ызасын туғызды. Мәселенің бұрыннан бар екенін біле тұра, мамандарыңызбен бірге қоймадағы өнімдерді басқа мақсатқа пайдалану жолдарын қарастыру керек еді. Бұл жұмыс та жасалмаған. 126 тонна өнім жарамсыз болғанша шірігенін күтіп, оны пайдаға асырудың балама жолдарын іздемегенсіздер. Бұл сіздің басшы ретінде жұмысты тиісті деңгейде үйлестіре алмағандығыңызды көрсетеді. Елге жанашырлық таныта алмайтын адамдарға біздің арамызда орын жоқ», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Осы жағдайдан кейін «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Самат Ерниязов қызметінен босатылып, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевқа қатаң сөгіс жарияланды.