Бұған дейін Мәжіліс депутаты блогерлердің жарнамалық әрекеттерін сынға алған болатын
Әлеуметтік желілерде блогерлердің көрінеу жалған ақпарат тарату фактілеріне биыл төрт айда ішкі істер органдары ҚК-нің 274-бабы бойынша 29 сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеген. Бұл туралы Бас Прокурор Берік Асылов Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың жасаған депутаттық сауалына берген жауабында жазылған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оның ішінде 1 іс сотқа жіберіліп, 8-і тоқтатылды (қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты), 8 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері үзілген (қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның анықталмауына байланысты), 12 іс тергеп-тексерілуде.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев өзінің депутаттық сауалында блогерлердің кей әрекеті қоғам мен мемлекет үшін қауіпті туғызатынын алға тартқан болатын.
«Мұның бəрі біздегі заңнамада блогер мəртебесі айқындалмағаннан. Жауапкершіліктің жоқ екенін сезінген мұндай адамдар əрине, ойына келгенін істейді. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Бірақ, əлеуметтік желілерін пайдаланып, азаматтар мен ұйымдардың құқығы мен заңды мүдделеріне зиян келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін оларға қолданылатын шара қарастырылмаған. Сол себепті оларда ешқандай жауапкершілік жоқ. Артын зерттеп, шындық па, жоқ па бастарын қатырмайды. Бастысы шу. Бастысы сөз», - деген еді Анас Баққожаев Мәжілістің жалпы отырысында.
Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу шеңберінде Бас прокуратура «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңның 40-бабының тəртібінде БАҚ-та ағымдағы жылы екі рет үндеу жасап, онда ұлттық алауыздықты қоздыруға, сепаратизмді насихаттауға жəне жалған хабарламаларды таратуға бағытталған құқық бұзушылықтар үшін заңда белгіленген жауапкершілік туралы ескертті.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару жəне жаңғырту жолы» атты Жолдауында мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын жəне медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, осы саладағы заңнаманы қайта қарау қажеттілігін атап өтті. Осы тапсырманы іске асыру шеңберінде «Онлайн-платформалар жəне онлайн-жарнама туралы» Заң жобасы əзірленген, ол бүгінгі күні мемлекеттік органдармен келісілген жəне Қазақстан Республикасы Парламенті Мəжілісінің қарауында. Заң жобасының негізгі мақсаты онлайн-жарнамалар, сондай-ақ онлайн-платформалар қызметтерінің құқықтық негіздерін айқындау болып табылады», - делінген хабарламада.
Аталған заң жобасында инфлюенсер (блогер) – айқындалмаған тұлғалар тобына арналған жəне өз мақсаттары мен өзге де қоғамдық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған, оның ішінде қоғамда жекелеген пікірлерді қалыптастыруға ықпалы бар ақпаратты онлайн-платформаларда тарататын адам ұғымы енгізілуде. Жалған ақпараттың таралу фактілері кең тарала бастағанын ескере отырып, егер бұл əрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-əрекет белгілері болмаса, айыппұл түріндегі санкцияны айқындай отырып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін əкімшілік жауаптылықты белгілеу жоспарлануда. Осылайша, осы Заң жобасы қабылданған жағдайда интернет кеңістігінде көрінеу жалған ақпараттың таралуына тиімді қарсы іс-қимыл жасау үшін қажетті жағдайлар жасалады деп санаймыз. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда жəне бақылауда.