Осы жылдың 4 айының өзінде қазақстандықтар сапасыз интернетке қатысты 5 мыңнан астам арыз-шағым түсірген
Бас қаланың біраз жерінде интернет әупірімдеп әрең істейді. Бұл депутаттық сауалымның артында интернеттің инесіне отырмаса да, ғаламторға тірелген тіршіліктерін уақытында тындыра алмай зәрезап болған миллиондаған қазақстандықтың мұңы жатыр, деді Нартай Сәрсенғалиев Мәжілістің отырысында.
«Қазақстанда интернет бар» деген аты болмаса бүкіл әлемде жылдам саналатын желі біздің елге келгенде табанына тас байлап алғандай көрінеді. Сандарға сүйенейік, осы жылдың 1 сәуіріндегі мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы халық саны 200 мыңнан асатын 1432 ауыл кең жолақты мобильді интернетке қосылмаған. Бұл ресми дерек, шынайы жағдайға келсек ғаламторды атымен көрмеген елді-мекендер саны бұдан әлденеше есе көп болуы бек мүмкін. Себебі, 2020 жылы мемлекет Қазақстан Республикасы халқының 98,7%-ын интернет желісіне кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамассыз етті дегенді де естіді ел, бірақ бұл деректің де арты бір-ақ тұтам екенін уақыт өте аңғардық», - деді депутат.
Ол атағандай, басқасын былай қойғанда бас қаланың біраз жерінде интернет әупірімдеп әрең істейді.
«Сапалы интернетті басқа түгілі бас қалада қолдану қиынның қиыны. Интернеттің сын көтермейтін сапасына қарамастан халыққа қажет талай қызметті электронды порталдарға салып тастады жауапты ведомство. Интернетсіз өмірдің азабын қазір ең алдымен ұстаздар мен оқушылар тартып отыр. Бұл проблеманы Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгінов те растап отыр. Ол өз сөзінде қазір Қазақстандағы 3 мыңнан астам мектеп ғаламторға қосылмаған немесе оның сапасы төмен деді. Ал біз көшпелі отырыс барысында Солтүстік Қазақстан облысының ауылдарында күнделікті үйлерінен толтыруға мәжбүр ондаған ұстазбен жүздестік. Бұл тек 1 облыстағы ахуал», - деді Нартай Сәрсенғалиев.
2023 жылдың 4 айының өзінде қазақстандықтар сапасыз интернетке қатысты 5 мыңнан астам арыз-шағым түсірген.
«Осы жерде заңды сауал туады, сапасыз интернетті ұсынған операторларға қандай жаза кесілді? Қанша айыппұл салынды? Бұған дейін байланыс операторларына салынған айыппұлды естіп келдік, демек бұл мәселенің шешімі емес екенін түсінетін кез келген жоқ па? Жұртқа айыппұл емес, сапалы интернет қажет емес пе? Бұл проблеманы АМАNАТ партиясы үнемі көтеріп келеді. Партияның сайлауалды бағдарламасында «Бүкіл ел аумағында жарық, су, жылу, кәріз, байланыс, интернет барлық жерде қолжетімді болуы және желілер уақытылы жаңартылып отыруы керек» делінген. Алайда, қазіргідей ахуалмен бұл межеге қалай жетеміз? Атқарылған жұмысты түгел жоққа шығарудан аулақпыз, бүгінгі күнге дейін 6290 ауылдың 4974-не кең жолақты мобильді интернет тартылған. Бірақ, бұл қалған мыңнан астам елді мекендегі халықтың құқығын шектеу емес пе?», - деді ол.
Депутат атағандай, тағы бір түйткіл ретінде жауапты ведомства халық арасындағы радиофобияны айтады.
«Яки адамдар үйлердің төбесіне базалық станцияларды қойдырмайды дейді. Бірақ бұл елдің емес, уақытылы түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген билік өкілдерінің айыбы. Және қазір салынып жатқан көпқабатты үйлердің кейбірінде техникалық қабаттың өзі пәтер ретінде сатылады. Оған қоныстанған ел расында станцияның төбесіне қойылғанына қарсы. Демек айыпты ағайыннан емес, құрылыс салушы компаниялардан іздеу керек», - деді ол.