Салық мөлшері жиналатын шөптің түріне, көлемі мен құндылығына байланысты белгіленеді
Қазақстан даласында өсетін дәрілік өсімдіктер келер жылдан бастап ақылы болады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Хабар 24» сілтеме жасап. Жаңа заң фармацевтика, азық-түлік және техникалық өнім өндіретін отандық кәсіпкерлерге ғана арналған. Салық мөлшері жиналатын шөптің түріне, көлемі мен құндылығына байланысты белгіленеді.
Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев айтты. Жаңа ереже ауылшаруашылық мақсатында және жекеменшік учаскелерінде өсімдік өсіретін шаруаларға қатысты емес. Айта кеткен жөн, Қазақстанда 1,5 мыңға жуық дәрілік шөп түрі өседі. Оның ішінде 14 сұрыпы экспортталады. Олардың қатарында мия, сасыр, цистанхе және басқалары бар.
«Кедендік статистика деректері бойынша, мия тамырын өткізудің негізгі нарықтары Қытай, Түркия және АҚШ болып табылады. Мысалы, Қытайға 2018 жылдан бастап 2022 жылға дейін 40 мың тоннадан астам мия тамыры экспортталған. Қараусыз қолданылуына байланысты дәрілік өсімдіктердің шикізат қоры таусылуы мүмкін. Дәрілік өсімдіктерді бақылаусыз жинау көлемінің өсуіне сыртқы нарықтардағы сұраныстың артуы ықпал етеді», дейді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев.