Дәл қазір тұрғын үйдің маңынан ешқандай да түтін байқалмайды
Өрт сөндірушілер қызыл жалынды алты минутта сөндірген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. Дәл қазір тұрғын үйдің маңынан ешқандай да түтін байқалмайды. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті әуелде қайтыс болғандар мен жарақат алғандар жоқ деп ақпарат таратқанымен, артынша екі адамның беті мен қолын күйік шалғанын растады. Алайда олар денсаулықтарына шағым жоқ екенін айтып, үйлеріне жіберілген.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, салынып жатқан тұрғын үйдің шатырында газ баллондары жарылған.
Жарылысты өз көздерімен көрген куәгерлер қатты шошынып қалғандарын айтады. Алғашқы жарылыс 16:15 шамасында сезіліп, артынша арасына 5 минут салып, екі рет дүмпу болған.
«Жарылыс болғанға дейін мен кеңседен шығып кеткенмін. Жарылысты естіген соң жүгіріп дүкенге қайта келдім. Қара түтін басып, шамалыдан соң тағы да дүмпу естілді. Өте қатты шықты. Қорқып кеттік. Жұбайымның айтуынша, алғашқы дүмпудің қатты сезілгені сондай, дүкеннің есігі ашылып кеткен», дейді құрылыс алаңына жапсарлас орналасқан дүкеннің иесі Владлен Репин.