Атырау – Индер тас жолын қамтамасыз етуге бюджеттен 269 млн теңге қарастырылған
Әлеуметтік желілерде Атырау – Индер тас жолында жол жөндеу жұмыстары ерекше тәсілмен жүргізіліп жатқан видео тарады. Ойық-шұңқырларды жол жөндеушілер емес, қарапайым жергілікті кәсіпкерлер жөндеуге мәжбүр, деп деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақжайық баспасына сілтеме жасап.
Бұл облыстық маңызы бар жолдың сапасы көптен бері көңіл көншітпейді. Жыл өткен сайын жол тіптен нашарлап барады. Әсіресе Бөден ауылының тас жолы көлік жүргізушілерінің әбден мазасын алған. Ондағы кей шұңқырларды жүргізушілер қарапайым кірпішпен бітеген.
«Барлығы бақылаудың болмауына байланысты. Алты-жеті жыл бұрын бізге осы жолды тапсырған кезде біз осы бағытта жолдың пайда болғанына өте қуанышты болдық. Бірақ Индер карьерінен Атырауға топырақ пен қиыршық тас таситын жүк көліктерінің салдарынан жол бұзылып жатыр», - дейді жергілікті тұрғындар.
Жолды жөндеп жатқан жігіттер карьерден қиыршық тас пен топырақ тасымалдаушы болып шықты. Олардың айтуынша, олар өз күштерімен еш болмаса осындай уақытша жөндеу жұмыстарын жүргізуге шешім қабылдаған. Асфальт қоспасын сатып алып, жерді тегістейтін техниканы жалға алған.
«Жолдың нашарлағаны рас. Мен жөндеу жқмыстарын көргенде, бұл адамдарды тоқтатқым келді, өйткені технология сақталмады. Бірақ бұл қарапайым атыраулық жүргізушілер болып шықты, олар өздері жол шұңқырларын бітеуді қолға алды және бұған облыстық автомобиль жолдары басқармасынан рұқсат алды. Жалпы, әрине, Атырау – Индер жолының сапасына бақылауды күшейту қажет, рейдтер ұйымдастырамыз», - дейді Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратов.
«Бұл кәсіпкерлер бізден жолды өз бетімен уақытша жөндеуге рұқсат сұрады. Біз қарсы болмадық», – дейді облыстық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Самат Айтқалиев.
Сондай-ақ оның айтуынша, бұған дейін Атырау – Индер тас жолын қамтамасыз етуге 3 жылға тендер жарияланды, оған бюджеттен 269 млн теңге қарастырылған. Шұңқырларды жөндеу де сол жерге кіреді. Тендердің нәтижелері жарияланғаннан кейін аталған учаскелерге қайта жөндеу жұмыстары жүргізілмек.