Алматыда қоқыс полигоны балалардың ойын алаңына айналған

Автор: Azattyq Rýhy

Елімізде соңғы жылдары 1500 заңсыз тұрмыстық қалдық полигоны жойылған

Бүлдіршіндер мұнда кешқұрым қалдық жинайтын көрінеді. Алматының Наурызбай ауданы аумағынан заңсыз ірі қоқыс алаңын қалалық Экология департаментінің өкілдері анықтаған. Мамандар мектептен қайтқан оқушылар үшін алаңдайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Биыл ғарыштан бақылау кезінде қала аумағында 6 заңсыз қоқыс орны анықталған. Оның төртеуі жиналса, Түрксіб және Наурызбай ауданындағы қоқыс үйінділері әлі бар. Алайда Наурызбай ауданының қиындығын шешу үшін агломерация мәселе болып тұр. Себебі аймақ Наурызбай ауданына қарасты болса, төменгі тұсы Қарасай ауданының меншігіне жатады.

Ал ендігіде мәселені шешу тек қалалық экология департаментіне емес, Алматы облысына қарасты Қарасай ауданының құзырлы орган өкілдеріне де байланысты. Олардың айтуынша, тазалық жұмысын әлдеқашан бастап кеткен.

«Алматы агломерациясы бағдарламасы аясында Алматы қаласына жақын шекаралас орналасқан 5 аудан - Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле, Қарасай, Жамбыл ауданында да заңсыз қоқыс орындарын жою жөнінде  Алматы облысы мен Алматы қаласының құзырлы органдары мен әкімшілігі бірлескен іс-шаралар атқарылып жатқандығын жеткізгім келеді», – деді Алматы облысы Экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділов.

«Облыс тұрғындағы қоқыс лақтырады. Қазіргі таңда Алматы облысымен бірлесе отырып, жинайтын боламыз», – деді Экология департаментінің ресми өкілі Әділ Нұрпейісов.  

Жергілікті орган өкілдерінің айтуынша, қоқыс полигоны орналасқан орынға Абай даңғылы түсіп, ол Үлкен Алматы айналмалы жолына жалғасады. Сондықтан карьер маңындағы үйлер сүріліп жатыр. Мамандардың айтуынша жергілікті тұрғыны болмағандықтан, құрылыс қалдықтарынан бөлек, мұнда тұрмыстық заттар да төгіліп жатыр.  

«Қараусыз қалған жерде қоқыс шашылып жатыр. Өйткені жан-жақтан алып келеді. Биыл 25 жерде желілік сенбілік өткізілді. Ертең осында өткіземіз деп жоспарлап отырмыз», – деді Наурызбай ауданы көріктендіру бөлімінің бас маманы Болат Оңғарбаев.

Ресми дерек бойынша, елімізде соңғы жылдары 1500 заңсыз тұрмыстық қалдық полигоны жойылған. Бірақ әлі де 6 мың заңсыз қоқыс орны қалған. Ал рұқсат етілген 3500 полигонның тек 17,7 пайызы ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сай.