Шымкенттік ғалымдар тәттіні алмастыратын өнім ойлап тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Елімізде қанттан 200 есе тәтті, бірақ адам ағзасына ешбір зиянсыз өнім тұтынатын кез алыс емес

Шымкенттік ғалымдар стевия деп аталатын тропикалық өсімдікті жерсіндіріп, оның жапырағынан тәттілендіргіш өнім алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ұлттық арнаға сілтеме жасап. Оны тіпті, сусамыр дертіне шалдыққандардың өзі шектеусіз тұтына алады. Өнім қатерлі ісіктің де алдын алады.

Стевия - Оңтүстік Америкада, Бразилия мен Аргентинада тамыр жайған өсімдік. Күннің ыстығын сүйеді. Шуақ көзі қызған сайын өсімдік бойында тәтті құрамы еселене түседі. Көпжылдық өсімдікті шымкенттік ғалымдардың жерсіндергеніне биыл екінші жыл.

«Су жеткілікті мөлшерде беріліп тұратын болса жылына 4 рет орып алуға болады. Тағы бір жақсы жері екінші орымында кесіп алған жерінен 2-3 сабақ шығарады. Яғни өнім келесіде көбейеді» дейді ғылыми қызметкер Нұрпейіс Исабаев.

Стевияны өңдеудің әлемде бірнеше түрі бар. Шымкенттік ғалымдар оны өзге технолгиямен өңдеуде. Алдымен өсімдік бойындағы құнарлы зат 60 градус ыстықпен суға таралса, онан кейінгі процесте керісінше буландыру арқылы маңызы сұрыпталады.

«Калория О. Екінші жағы шаршау басады. Иммунитетті жоғарылатады. Антисептикалық қасиеттері бар. Асқазан, сол сияқты, қанның дұрыс айналуына көмек беретін өнім», жоба жетекшісі Әбдіғани Әзімов.

Стевия 0 градуста үсіп кететіндіктен жергілікті ғалымдар оны жерсіндіру үшін сұрыптау жұмысын жүргізуде. Ол үшін тұқымнан және көшет өндіру тәжірибесін жүргізуде. Ең тиімді деген технологияның өзінде шикізатты өңдеуге кемі 12 сағаттай уақыт кетеді. Осы мерзім аралығында стевия өсімдігінен мынадай үш түрлі өнім алуға болады. Оның бірі-ұнтақ күйінде, екіншісі- сұйықтық, үшіншісі мынадай кептірілген шәй түрінде. Бұл өнімдер жақын күндері рұқсат қағазын алса тұтынушыға қарай жол тартпақ. Ғылыми жоба биыл өндіріске енгізілмек. Қазір Түркістан облысының Қазығұрт ауданында 1 гектар жерге стевия өсімдігі өсірілуде. Сондай-ақ ғылыми жетістікті өндіріске енгізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.