Палуанның ұрпақтары мемориалдық кешен тұрғызу туралы шешімнің сөз жүзінде қалғанын айтады
Түркістан облысында даңқты палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт кешенінің құрылысы басталмай жатып тоқтап қалды. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басы соғыс пен саяси қуын-сүргін көбейген, шапқыншылыққа толы уақыт болса да, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы қазақ атын әлемге танытты. Төрткүл дүниедегі мықты деген балуандардың жауырынын жерге тигізді. Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толуына орай мемориалдық кешен тұрғызу туралы шешім қабылданған еді. Осыдан екі жыл басталған жұмыстың неге әлі күнге дейін тұралап тұрғанын Azattyq Ryhy тілшісі арнайы барып біліп қайтқан еді.
Балуан өмірінің соңғы күндерін Ордабасы ауданында өткізген. Қара шаңырағы да, кесенесі де аудан орталығы Темірлан қаласында орналасқан. Балуанның басына арнайы келетін адамдар саны азайған емес. Бүгінде балуанның қара шаңырағы шөберелерінің қолында. Шөбере келіні Роза атасының ұстаған құнды заттарын әлі күнге сақтап келеді. Алыс-жақыннан келген қонақтарға ақ дастарханын жайып, даңқты балуанның өмірін таныстырудан ешқашан жалыққан емес.
«Мына төсекті Абай Құнанбайұлының 100 жылдық тойына барғанда тоғыз жасар ұлы Айдарханға әкелген. Польшадан әкелген, өзі ұстаған шабаданы, үйінің табалдырығы, ерні тиіп су ішкен ожауы бар. Палуанның жайдақ арбасы болған, соның дөңгелегі музейде тұр. Ол да біз үшін атамыздан қалған бағалы жәдігер. Палуан өзінің қайтыс болатынын 9 күн бұрын сезген, сол кезде Мінәй енемізге: «Келмес сапарға кетем. Табанымды пайғамбарлар тоғыз жерінен кесіп кетті. 9 күннен кейін кетемін» деген. Сол тоғыз күннен кейін сағат 11.00 шамасында ұлы Айдархан әкесін ауруханаға апармақ болып арбаға отырғызады. Сол кезде «арбаны тоқтат» деп, аяқ-қолын созып, сол жерде кете барған. Сол арбасының оқтығы сақталып тұр.
Атамның қартайғанда арбаға жеккен көк биесі болған. Ол кезде арбасы бар адам бай адам саналады. Бәйдібек, Шаян, Созақ ауылдарын аралаған кезде кем дегенде екі-үш күн жүреді. Қарттығына қарамастан арбамен барып-келіп өнер көрсетеді екен. Сол арбаға жеккен аттың ноқтасы бар. Палуан атамыз қайтыс болғанда жылқысының көзінен жас шығып, жерді тепкілеп, тулаған. Ол қайтыс болған кезде үйден 3-4 ай бойы адам үзілмеген. Халықтың адамы болған соң жер-жерден көңіл айтып келушілер көп болған. Кісінеп тұрған жылқыны еркіне жібергенде атамыз жатқан жерге барып, жер тарпып, жылаған екен. Сол жылқы атаның келесі асына сойылған. Қара шаңыраққа әр күні әртүрлі кісі келіп тұрады. Шетелден атамыздың рухына арнайы зияраттап келетіндер бар. Мысырдан, Қытайдан келгендерді көрдім. Алыстан ат арытып келген кісілердің атамызға құрметі шексіз», - дейді Балуанның келіні Роза Тынышбекқызы.
Келіні үйінің бір бөлмесін атасынан қалған дүниелердің көрмесіне айналдырған. Ошақ, жезқұман сынды Қажымұқан бабадан қалған заттар аз емес. Оның бәрін шөберелері мемориал ашылса музейге тапсырамыз деп сақтап отыр.
Қажымұқан Мұңайтпас атындағы спорт кешенін салу туралы шешім осыдан екі жыл бұрын қабылданып, тіптен құрылыс жұмыстары да басталып кеткен. Ордабасы ауданының сол кездегі әкімі Нұрбол Тұрашбековтың бастамасымен қолға алынған жоба бір жылдың ішінде аяқталуы тиіс болған. Алайда аудан әкімі Түркістан қаласына қызметін ауыстырған соң, орнына келген әкімдер жұмысты жалғастыра алмаған. Екі жылда үш әкім келіп-кеткенімен, ешқайсы халықтың игілігіне қажетті жобаны аяқтауға құлшыныс танытпаған. Ал бұрынғы әкім Тұрашбеков мемориалды салуға Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзиттік автожолының бойынан бес гектар жер бөліп беріпті.
«Ұлы Жібек жолының бойына, қазір халықаралық тасжолдың жанынан атамыздың музейі, спорт кешені, қонақүй, жатақхана салуға аудан әкімі уәде берген. Құрылысы 2021 жылы басталған. Бірақ аяқсыз қалды. Іргетасын құйып қойды. Әкім кетіп қалғаннан кейін де орнына үш адам келді. Олар да ауысып үлгерді. Биылғы ораза айында аудан әкімі Нұрбек Бадырақов «құрылысты жалғастырамыз» деп сөз берген. Уәде орындалмады, бір тілегім – осы құрылысты аяқтау. Біткен уақытта осы жерде үлкен ас беріп, ашамыз деген. Парламентте де айтылған. Бәрі жалған уәде, бос сөз болды, жұмыс тоқтап тұр», - дейді Қажымұқан Мұңайтпасұлының шөбересі Қуанышбек Есболұлы.
Ал Ордабасы ауданының әкімдігі жұмыс биыл да аяқталмайды деп отыр. Әу баста бір жылға жоспарланған кешен енді 4-5 жылға дейін кешеуілдемек. Оған басты себеп – спорт кешенін қаржыландыруды Ұлттық экономика министрлігі қабылдамай қойған. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 185 миллион теңгеден асқан. Алайда осы күнге дейін тек 30 миллион теңге ғана бөлініп, игеріліпті.
«2022 жылға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Ұлттық экономика министрлігіне облыстық экономика басқармасы арқылы 511 млн 988 мың теңгеге қаржы қарауға өтінім ұсынылған. Алайда қолдау табылмады. Жобаның сметалық құны: 1375,311 млн теңге. Конкурстық құны: 1 185,611 млн теңге. 2021 жылы 30,0 млн тг қаралып, игерілді. Құрылыс алаңы – 5 гектар. Бұл кешенде жалпы 3 ғимарат бар. Бірінші ғимарат – көрме залы 126 келушіге, кітапхана 30 оқырманға арналған. Кітап сақтайтын бөлмесі бар. Екінші ғимарат қонақүй, асхана – 48 адамға арналған, конференц зал – 138 орындық. Үшінші ғимарат спортзал, амфитеатр түрінде жасалған, ол ауылдық, аудандық, облыстық және республикалық қазақша күрес, самбо және басқа да спорт түрлері бойынша жарыс залы ретінде қолданылады. Онда бір сәтте көрермен ретінде 146 адам сияды. Күрес жарыстарына арналған зал және саябақ қамтылған. 2021 жылы 30,0 млн теңге игерілді. Нысанның қонақүй ғимараты мен көрме ғимаратының фундаменті құйылды. Спорт ғимараттың қазаншұңқыры қазылған», - деді Түркістан облысы Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әкімдік «Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мемориалдық кешені құрылысы» нысанының атауы «Түркістан облысы Ордабасы ауданы Қажымұқан ауылдық округі Қажымұқан ауылындағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени спорт кешені құрылысы» болып қайта өзгертіп, қаржы бөлуге тағы өтінім берген. Аудандық әкімдік құрылыс жұмыстар маусымда басталады деп сендірді. Биылғы жұмыстарға 629 миллион теңге қаралған. Аталған қаражат толық бөлінгеннің өзінде де әмбебап спорт кешенін аяқтауға жетпейді. Мердігер ретінде тендерді жеңіп алған «Авторемстрой ЛТД» ЖШС жұмысты тағы да орта жолда қалдырмақ. Өйткені қаражаттың қалған 50%-ы қашан бөлінетіні белгісіз.
Ал балуанның ұрпағы оған дейін құнды жәдігерлерді көпшілікке аядай ғана бөлмеде таныстыра бермек.