Диқандар енді бір апта су болмаса шығынға батамыз деп отыр
Жамбыл облысында 1500 гектарға жуық бау-бақша мен егіс алқабы құрғап қалуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Себебі Исмаил каналын су жырып, тіршілік нәрі алқаптарға жетпей жатыр. Арнаны қалпына келтіру жұмыстары да созылып кетті. Диқандар енді бір апта су болмаса шығынға батамыз дейді.
Фахардин Шарипов биыл 40 гектар жерге пияз еккен. Шаруа әр гектарға 950 мың теңгеге жұмсағанын айтады. Бірақ 1,5 ай бұрын сепкен дәні көктемей жатып, солып қалатын түрі бар.
«Бізге су 15 сәуірде болады деп айтқан. Сол үшін біз ектік. Уақытылы бәрін жасадық. Енді су жоқ. Мынау шыдамайды қазір. Бір жұмада су келмесе, пияз шыдамайды», - дейді шаруа Фахардин Шарипов.
Исмаил каналының бойындағы алқаптарға 30-дан аса диқан бау-бақша екен. Пияз бен картоптан өзге, арпа, 1500 мал азығына қажетті гектарға майлы дақылдар егілді.
«1 жүйектің 1 метрінде 80-ге жуық дақыл шығуы керек еді. Қазір дәннің 5-6 данасы ғана жарып шыққан. Мұндай өніммен біз салған қаржымызды да ақтай алмаймыз. Жаңбырлатып суару үшін мына құрылғыны орнатқанбыз. Енді босқа тұр. Біз онсызда бір айға кешігіп жатырмыз. Апта ішінде су келмесе, егін жинау науқанына үлгермеуіміз мүмкін», - дейді шаруа Ахат Исмаилов.
Бақша салу маусымы басталған кезде-ақ мәселе туындаған еді. Ұзындығы 18 шақырым болатын Исмаил каналындағы механикалық тазалау жұмыстары кешеуілдеген. Сондықтан, суармалы су да кешігіп берілді. Сол тұста арнаны су бұзып, су тарату жедел тоқтатылды. 10 күн бойы жөнделгеннен кейін азғантай уақыт берілді. Бірақ каналдың іргесінен тағы жарық пайда болды.
«Апаттық учаскені толықтай бетондау жұмыстарын жасаймыз. Жарылған жер 60 метрдей. Біз артығымен алып жатырмыз. 300 метрдей Г блокпен толық бетондалады. Сол кезде мүлдем фильтрация, су өтпейді», - дейді «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының директоры Ерлан Өтегенов.
Жауаптылар канал арнасын бір аптада қатайтып, су беруді қалпына келтіреміз деп отыр. Оған дейін алқаптарға суды басқа арнамен жеткізу жолын қарастырып жатыр.
«Райс каналының бойындағы Қаратау елді мекенінің шару қожалықтарымен де келіссөздер жүргізіп, толығымен бір рет суаруға мынау каналдың біткеніне дейін суды беру мүмкіншілігін толық қарастырып отыр. Толығымен осы Райс каналымен барлық мүмкіншілікті пайдаланып егілген дақылдардың барлығын сақтап қалу мақсатында жұмысын жүргізіп жатыр», - деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жиенқұлов.
Айта кетерлігі, Жамбыл облысында 264 су арнасы бар. Оның барлығын қайта жаңғырту үшін Еуропалық даму банкі мен республикалық бюджеттен 30 млрд теңге бөлінді. 2019 жылдан басталған құрылыс жұмыстары биыл толықтай аяқталуы тиіс.