Шымкентте шағынаудан тұрғындары нәжіс иісіне тұншығып отыр

Автор: Azattyq Rýhy

Жауаптылар бұл орын ешқайда көшірілмейтінін айтты

almaty.tv

Шымкент іргесіндегі бір емес, бірнеше шағынаудан тұрғындары қалдық судың сасық иісіне тұншығып отыр. Қаланың нәжісі жиналатын жер дәл үйіміздің маңында орналасқан деп шағым айтқан ағайынның мәселесі жылдар бойы шешілмей келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

Шымкент шетіндегі шағынаудан тұрғындары 5 жылдан бері кәріз жүйесінің қалдығына тұншығып отыр. Қолқаны қабатын жағымсыз иіс әсіресе соңғы 10 күнде күшейіпті. Тыныс алудан қалдық деген көпшілік бұл жолы үнсіз қалмай, қарсылық білдіруге жиналды. Олардың айтуынша, мәселені айтып жергілікті билік өкіліне талай барған. Бірақ түйткіл түйіні тарқар емес.

«Бүкіл Шымкенттің кәріз жүйесінің қалдығы әкеп төгіледі. Оны барып, көріп не айтқанды тыңдап жатқан адам жоқ. Құр уәдені беріп кетеді», – деді қала тұрғыны Әлия Серікбаева.

Бұл жерді ел арасында «Боқкөл» дейді. Іргесінде бір емес, бірнеше шағынаудан орналасқан. Жеке учаскеде тұратын жұрттың көбі – көпбалалы отбасылар. Арасында жаман иістен ауру тапқандары да бар.

«Жел тұрса Самал-3, Бекжан, Алаш, Ынтымақ, Нұршуақ-1,  Достық, екінші Нұршуақ шағынаудан тұрғындары қолаңса иістен демала алмай қалады. Бір ай көлемінде тыныс алу мүлдем қиындап кетті. Қоспаны қоспай жатыр ма? Біз білмейміз», – деді қала тұрғыны Гүлжанар Жұматаева.

Жиналған 100-ге жуық азамат бекер күдіктенбеген екен. Кәріз жүйесін тазалау орнына барғанында, иіске қарсы тұратын қоспаның жаңадан себілгенін аңғарған. Ал жауаптылар қоршауы да жоқ бұл орын жақын арада ешқайда көшірілмейтінін айтты.

«Қазіргі таңда қандай жұмыс жасаймыз? Осы қалдықтың бетін тұзбен көмеміз. Тұздың сіңіріп алу қабілеті бар. Оның сыртында қоршау жұмыстарын бастаймыз. Шілде айының соңына дейін қоршауды бітіреміз», – деді қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.

Көпшіліктің айтуынша, бұған дейін әкімдіктегілер иісті кетіретін құрылғы қондырамыз деп уәде берген. Бірақ жоспар өзгеріп, 2025 жылы Түркістан облысы аумағынан кәріз тазалау орталығының құрылысын бастамақ. Ал оның қашан аяқталары белгісіз. Оған дейін мұндағы жұртқа әлі де біраз сасық иіспен тыныстауға тура келеді.