Аталған мекеме осындай салғырттығы үшін бес жыл бұрын 30 млн теңге айыппұл төлеген
Теміртаудағы «ГРЭС 1» энергетикалық кешенін экологтар тексеретін болды. Өйткені осы мекемеден шыққан шаң-тозаң Теміртаудағы ескі қаланың ауданын басып, тұрғындардың тынысын тарылтып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
«Зауыттың түтіні, шаңы жазда терезені кішкене ашсаңыз лап етіп кіреді. Бес-он минуттан кейін қайтадан шаң болады. Қыстың күні болсын, таза ауа жұтайын, демалайын деп терезені ашуға шамаңыз келмейді. Өйткені түтін иісінен таза ауамен демалу мүмкін емес», - дейді Теміртау қаласының тұрғыны Жанат Оразбаева.
«ГРЭС 1» мекемесінен ұшатын шаң-тозаңға жергілікті тұрғындар ат қойып алған. «Пушонка» деп жүргені кәдімгі ұнтақ. Үп кеткен желде көтеріліп, айналаны алып кетеді. Тыныс алу жолдарына тікелей әсер етіп, жұрт қақалып-шщашалық жатыр. Биыл тіпті ерекше дейді тұрғындар. Энергетикалық кешенге былтырдан бері жөндеу жүріп жатыр екен. Ал күл төгілетін орға тиісті деңгейде су толтырылмаған. Соның салдарынан құрғақ күл желмен көтереліп шаң-тозаңды құрайды. Мекеме басшылығы мұнда қызметкерлердің салғырттығы да болғанын жасырмайды. Енді шаң-тозаңды болдырмауға барымызды саламыз деп ақталды.
Бірақ Экология департаменті тұрғындардың арызы бойынша тексеріс бастады. Аталған мекеме осындай салғырттығы үшін бес жыл бұрын 30 миллион теңге айыппұл төлеген.
«Қыстай күл төгілетін жердегі суды ағызып жіберген болатынбыз. Қатқан мұз жөндеу жұмыстарына кедергі келтірмес үшін. Күн жылынғалы ол орынға су толтырып үлгермей жатырмыз. Соның салдарынан шаңтозаңды жел көтереді», - дейді Bassel Group LLS техникалық директоры Андрей Дадоров.