«Ұжымның жазығы не?»: Шәкәрім университеті министрдің бұйрығымен келіспейді

Автор: Azattyq Rýhy

Олар ректорлары Бауыржан Ердембеков орнынан босатылуына қарсы

Фото ашық дереккөзден

Семейдегі  Шәкәрім атындағы университет ұжымы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің оқу ордасының ректорын жұмыстан босатылуы туралы бұйрығымен келіспей, наразылықтарын білдіріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Университет ұжымының оқытушылары мен профессорлары әлеуметтік желіде үндеу  жолдаған.

Шәкәрім университетіне Бауыржан Ердембеков 2021 жылы қызметке келген.

«2 жыл 3 ай қызмет жасаған кезінде ректорымыз бұрынғы ондаған жыл бойы атқарылмаған істерді жасағанын ұжым көріп отыр. Университет болса, жарқырап, жайнап әр оқу ғимараты бейнесін өзгертіп, нағыз ғылымның ордасына айналды. «Неге Шәкірім университеті осындай тәжірибелерге түсе береді?» деген сұрақ туындайды. Біздің жазығымыз не? Ұжымның жазығы не? Министр бізге осы жөнінде түсініктеме берсе екен. Бұл әділетсіздік деп ойлаймыз. Министрліктің өкілдері бұл шешімнің себебін айтпауы ұжымды ескермеуі, сыйламауы деп білеміз. Министрдің берген бұйрығы қайта қаралып, өз күшін жойса екен деген ұсынымыз бар», - деді университет ұжымы үндеуде.

Оқытушылар ұжымымыен қоса, университеттің студенттер қауымы Мемлекет басшысына үндеу жолдады.

«Университетке Бауыржан Амангелдіұлы келгелі жастар саясаты белсенді дамып, білім алушылардың ахуалы жоғары деңгейге көтерілді. Осы жолда Бауыржан Амангелдіұлының ерен еңбегін атап өткен жөн. Біздің басшымыз халықтың мүддесіне жұмыс атқарып, университеттің дамуына белсенді түрде атсалысып жүрген жастармен етене байланыста болды. 7 мың студенті бар Шәкәрім шаңырағының жастары атынан Бауыржан Ердембековтың осы университеттің гүлденген жолындағы бастаған жұмысын мүмкіндік берулеріңізді талап етеміз», - деген студенттер.

Айта кетейік, Абай елінің іргелі оқу орны, 8000-ға жуық қызметкерлері мен білім алушылары бар, көпсалалы, білім мен ғылым ордасы – Семей қаласының Шәкәрім атындағы университет ұжымының көңіліне селкеу түсіріп, әділеттілікке деген сенімсіздік ұялатуда.

Университеттің баспасөз хатшысы хабарлағандай, 90 жылға жуық тарихы бар, кешегі беделді 4 институттан құрылған Шәкәрім университетінде орын алған жағдай биліктің халыққа құлақ аспайтындығының тағы бір дәлелі ретінде көрінеді.

«Себебі осы аз уақыттың ішінде 3 рет қосылып, бөлінген университетте, 2020 жылдан бастап 5 айдың ішінде 5 ректор (М.Ғ.Ескендіров, Ж.Т.Мұқаев, Ә.Л.Қасенов, Ұ.Б.Тілемісов, М.Қ. Байжұманов) ауысты. 2021 жылдан тағайындалған Б.Ердембеков ұжымды ұйымдастырып, алға жетелеп, тұрақтылық орнатып, халықтың сенімі мен алға дамуына мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде 13 жылдан кейін ветеринария саласында докторлық диссертациялар қорғалып, жас ғалымдар саны ұлғая бастады. Инженерлік-технологиялық факультетінің Диссертациялық кеңесінде соңғы 3 жылда Қазақстан түпкір-түпкірінен 30 диссертант қорғап, ғылыми дәрежесін алды. Ғылыми жобалардың саны 2-ден 30-ға өсті. Университеттің қаржылық жағдайы оңалып, қызметкерлердің жалақысы 2 есеге көтерілді, тұрақты түрде сыйақылар берілуде. Атап айтар болсақ, тек 2022-2023 оқу жылында 7 рет сыйақы берілді.60-тан астам мамандандырылған аудиториялар мен дәрісханалар, атаулы ғылыми кітапханалар, 30 ынтымақтастық туралы меморандумдар түзілді», - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Ата-ана қамқорлығынсыз қалған, білімде, өнер мен спортта жетістігі бар мектеп түлектеріне «Шәкәрім гранты» тағайындалған.  Сонымен қатар оқу ақысына 50%,100% жеңілдіктер бар.